
Құтырма – бұл осы вируспен зақымданған жануарлармен тікелей жанасу арқылы, тістеу немесе сілекейлеуі мен тырнауы нәтижесінде тері немесе шырышты қабаттардың зақымдануымен берілетін аса қауіпті ауру.
Инкубациялық кезеңнің ұзақтығы, яғни адамда аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейін 10-нан 90 күнге дейін, кейде 1 жылдан астам уақытқа созылады.
Инфекция көзі – жабайы жыртқыштар, сондай-ақ үй жануарлары. Құтырма ауруының арнайы емі жоқ, бірақ алдын алу шаралары өте маңызды. Сондықтан санитариялық дәрігерлер жануардың тістеуі немесе тырнауы кезінде зардап шеккен адамға жараны сабынмен шұғыл жуу қажет екенін ескертеді, өйткені сілтілі орта құтырма вирусын бейтараптандырады. Содан кейін медициналық көмекке жүгініп, дәрігер тағайындайтын екпені алу қажет.
2023 жылдың 2 айының қорытындысы бойынша Қызылорда облысы тұрғындары мен жануарлар арасында жергілікті аса қауіпті құтырма ауруы тіркелген жоқ. Дегенмен әр түрлі жануарлардың тістеуінен, тырнап, сілекейленуінен зардап шегіп, медициналық көмекке 227 адам жүгінді, барлығы антирабикалық екпемен қамтылды. Жарақат алғандардың 35,2% – 14 жасқа дейінгі балалардың үлесінде. Облыстық көрсеткіштен жоғары деңгей Арал, Шиелі аудандарында қалыптасты.
Жарақат алғандардың басым көпшілігі, яғни 83,7% иттен алған жарақаттар болса, 14,5% – мысықтардан, 2 жағдайдан жылқы мен МІҚ алған жарақаттардың үлесінде болды. Иесі белгісіз ит-мысықтардан алған жарақаттардың үлесі 48% болды.
Былтырғы көрсеткіштер бойынша облыс көлемінде әр түрлі жануарлардың тістеуінен, тырнап, сілекейленуінен зардап шегіп, медициналық көмекке 1762 адам жүгінген. Жарақат алғандардың 52,5% – ауылдық елді-мекен тұрғындары. Медициналық көрсеткіштерге сәйкес жарақат алғандардың 2,2% ауруханаға жатқызылып ем алса, 56,5% шартты курс және 43,5% шартсыз курс бойынша екпемен қамтылды.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары санитариялық-ағарту жұмыстарын медициналық қызметкерлер мен тұрғындар арасында тұрақты жүргізіп отырады.