Қауіпсіз ауыз су және санитария – БҰҰ назарында

Қауіпсіз ауыз су және санитария – БҰҰ назарында

БҰҰ-ның Нью-Йорктегі (АҚШ) штаб-пәтерінде өтіп жатқан су ресурстары жөніндегі БҰҰ конференциясына ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі З. Сүлейменова бастаған қазақстандық делегация қатысып жатыр. Еліміздің  Денсаулық сақтау министрлігінің атынан ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Н. Сәдуақасов өкілдік етуде.

Қазақстан Республикасы БҰҰ мүшесі ретінде республикадағы және Орталық Азиядағы су ресурстары бойынша тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) іске асыруда қажетті іс-әрекеттерді жүзеге асырады.

Су қауіпсіздігі жөніндегі сайд-ивентте Н. Сәдуақасов атап өткендей, COVID-19 пандемиясы көптеген салалардағы тәсілдерді қайта қарауға ықпал етті. Болашақта сумен жабдықтау, санитария және гигиена қызметтері үшін берік негіз қалау, сондай-ақ БҰҰ-ға мүше мемлекеттер мен мүдделі тараптардың су ресурстары саласындағы табысты шешімдерді енгізу үшін өзара іс-қимылын жандандыру аса маңызды. Сондықтан су және денсаулық мәселелері жөніндегі хаттама №6 ТДМ-ға қол жеткізу бойынша сектораралық өзара іс-қимылды нығайту, денсаулық сақтау практикасына халықаралық стандарттарға сәйкес келетін санитариялық-гигиеналық нормаларды енгізу, ауыз су көзі ретінде пайдаланылатын су ресурстарын қорғау, сумен байланысты халық ауруларының өршуіне немесе жағдайларына мониторинг пен ден қоюдың тиімді жүйесін белгілеу құралы ретінде қарастырылады.

Хаттаманың маңыздылығын ескере отырып, Қазақстан Үкіметі оған қосылу туралы шешім қабылдады. Бұл қадам халықты қауіпсіз ауыз сумен және санитариямен қамтамасыз ету саласындағы озық технологиялар мен білімге қол жеткізуге ықпал ететін болады.

Су конференциясының негізгі қорытындысы ретінде қатысушы елдердің үкіметтері, кәсіпорындар, үкіметтік емес және басқа да ұйымдар алдында су ресурстарын басқару жөніндегі ерікті міндеттемелерді қамтитын су ресурстары бойынша халықаралық іс-қимыл бағдарламасын қабылдау жоспарлануда.