
Кене энцефалиті – кене энцефалитінің вирустарынан туындайтын, бас миының және жұлынның зақымдалуынан болатын табиғи-ошақтық ауру.
Жетісу облысының Ақсу, Алакөл, Ескелді, Кербұлақ, Сарқан аудандары мен Талдықорған, Текелі қалалары кене энцефалитінен эндемиялық аймақтарға жатады. Жыл сайын бес жағдайға жуық кене энцефалиті тіркеледі.
Аурудың қоздырғышы Флавивирус (Flavivirus) тобының вирусы. Вирустың ерекшелігі залалсыздандыру заттарына, ультракүлгін сәулелеріне төзімсіз, бірақ төмен температураларда ұзақ уақыт сақталуы мүмкін. Залалданған сүт өнімдерінде вирус 2 айға дейін өзінің қасиетін сақтайды. Табиғатта вирус иксод кенелерінің организмінде болады. Сонымен қатар, вирус адамнан басқа жабайы және үй жануарларына, соның ішінде сиыр, ешкі сияқты жануарларға жұғуы мүмкін. Сондықтан жұқпа кене шаққан кезде, кенені басып, жаншыған кезде тікелей және термиялық өңдеуден өтпеген ауру малдың сүт және сүт өнімдерін пайдаланған кезінде жұғады. Кененің адамның терісінде болған уақыты ұзарған сайын, ауру туындау қаупі жоғарылайды. Сырқаттанушылық жағдайының тіркелуі көктемде және күздің басында басталады, өйткені табиғатта кене санының көбеюi және олардың белсендiлiгi арта бастайды. Кене энцефалитінің вирусын орманда, саябақта, табиғат аясында демалу кездерінде жұқтыру ықтималдығы бар.
Ауру кенеттен басталады, көптеген жағдайларда науқас адам ауырған уақытын дәл айтып бере алады. Бастапқы көріністері тұмауға ұқсас болады. Қызбаға аурудың 3-4-ші күндері бастың тұрақты қатты ауыруы, құсу қосылады.
Бас миы зақымдалғандықтан, сырқаттанушылық өте ауыр түрде өтеді. Науқаста әр түрлі дәрежедегі кома дамып, сырқаттың 2-4-ші тәулігінде 20-30% жағдайда өлім жағдайымен аяқталуы мүмкін. Қитарлықтың, дауыстың бұзылуының, жұтынудың, сөйлеудің қиындауының, мойын, дене және аяқ-қол бұлшықеттерi жансыздануының өршуімен бас-ми жүйкесі зақымдалуы мүмкін.
Кене энцефалитінің алдын алу шаралары:
1) Тұрғындардың белгілі бір топтарын кенеге қарсы вакцинациялау. Вакцинация кене энцефалитінен қолайсыз аймақта тұратын және жұмыс жасауға немесе демалуға баратын адамдар жүргізіледі.
2) Кене шаққан адамдарға арнайы кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулинді енгізу. Кене шаққан күннен бастап 3 күн ішінде жүргізген тиімді.
3) Арнайы емес алдын алу шаралары:
- Кенелерге жағымсыз иіс туғызатын репеленттер мен аэрозольдарды қолдану;
- Арнайы киім кию, табиғат аясына шыққанда шалбарды шұлықтың ішіне кіргізіп, үстіне жең шеті резеңкеленген ұзын жеңді киім кию;
- Табиғат аясына шыққанда ең маңыздысы өзінің, бір-бірлерінің үстілерін жиі-жиі қарап тексеру;
- Қайнатылған сүтті қолдану.
Кене шаққан жерді қасуға және кенені жаншып тастауға, кенені бірден жұлып алуға болмайды, кенені пинцет және басқа затпен алуға әрекет жасамаңыз. Мүмкіндігінше дәрігер-хирургқа жүгінген жөн, бірақ ондай мүмкіндік болмаса жіпті кененің тұмсығына тақап байлап, әрі-бері ырғап шығару керек. Кенені абайлап алу керек, кененің басы мен тұмсығы тері астында қалып қалса, оны алу қиынға соғады. Сондай-ақ тез арада тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымға кенеге қарсы иммуноглобулин алуға барған жөн.
Өз денсаулығыңыз – өз қолыңызда!