Шымкент қаласындағы туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай

Шымкент қаласындағы туберкулез бойынша эпидемиологиялық жағдай

Туберкулез – қоздырғышы микобактерия болып табылатын жұқпалы ауру. Туберкулез инфекциясы (95%) аурудың белсенді түрімен ауыратын науқастардан ауа тамшылары арқылы жұғады.

Туберкулездің белгілері: 2 аптадан астам жөтел, дене қызуының көтерілуі, кеудедегі ауырсыну және қысылу, дене салмағын және тәбетті жоғалту, түнгі уақытта терлеу, әлсіздік және қатты шаршау. Ең алдымен өкпе зақымданады, басқа да органдардың зақымдануы ықтимал.

2022 жылы Шымкент қаласында туберкулез аурушаңдығы бойынша эпидемиологиялық жағдай салыстырмалы түрде тұрақты болды, бірақ аурушаңдықтың 14 жасқа дейінгі балалар арасында 7 жағдайға және жасөспірімдер арасында 10 жағдайға артуы байқалды.

Сонымен қатар, ағымды жылдың 2 айында туберкулездің 40 жағдайы тіркеліп, аурушаңдық көрсеткіші 26 (40%) жағдайға, оның ішінде өкпе туберкулезі өткен жылдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда 18 жағдайға төмендеген. Аурушаңдық 14 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасында тіркелмеді.

Ағымдағы жылғы ақпанның 24-і мен наурыздың 24-і аралығында «Біз туберкулезді жеңеміз» атты ұранмен айлық өтуде.

Алдын алу және диагностикалық мақсаттарда ересектер мен балалар арасында туберкулезді ерте анықтау үшін флюорографиялық зерттеулер мен Манту сынамасы жүргізіледі. Науқасты кеш анықтаған кезде туберкулездің бациллярлы немесе асқынған түрі қоғам үшін өте қауіпті болуы мүмкін.

Уақтылы емделмеген жағдайда туберкулездің белсенді түрімен ауыратын науқастар жылына 10-нан 15 адамға дейін ауруды жұқтыруы мүмкін. Науқастардың 54%-ын еңбекке қабілетті 18-44 жас аралығындағы адамдар құрайды. Туберкулез таяқшасы қоршаған ортада, әсіресе қақырық пен топырақта едәуір ұзақ уақыт сақталады.

Аурудың белгілері пайда болған жағдайда тұрғылықты жері бойынша немесе оқу орны бойынша медициналық мекемеге уақтылы жүгіну қажет. Туберкулездің алдын алудың ең тиімді және баламасыз әдісі – вакцинация.

ҚР Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес барлық егулер тегін, егілетін ересек адамның немесе баланың ата-анасы және/немесе заңды қамқоршысы ерікті түрде жазбаша берген келісімімен, арнайы оқып-дайындалған және рұқсаты бар медицина қызметкері адамның дені сау кезінде егеді.

Туберкулезге қарсы БЦЖ вакцинасы (Кальмет-Герен таяқшасы) ірі қара мал туберкулезінің таяқшасының әлсіреген тірі штамынан дайындалады. Ол жасанды ортада арнайы өсірілетіндіктен, адамдар үшін қауіпсіз.

Туберкулездің алдын алудың негізгі шаралары:

- Жеке бас гигиенасын сақтау: қолды, ыдысты жуу, жеке ыдыстарды пайдалану, жөтелгенде және түшкіргенде ауызды майлықпен немесе шынтақпен жабу;

- Салауатты өмір салты: жүйелі, белсенді дене жаттығулары және жақсы демалыс;

- Тиімді тамақтану: ет, сүт, балық өнімдерін, көкөністер мен жемістерді жеткілікті мөлшерде пайдалану;

- Жаман әдеттердің алдын алу: темекі шегу, ішімдік, нашақорлық;

- Бөлмені мезгіл-мезгіл желдетіп, үйде ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізіп, қоршаған ортаны қақырықпен ластанудан қорғау;

- Тіркелген емханада уақтылы Манту сынамасынан, флюорографиялық тексеруден өту және БЦЖ вакцинациясы мен ревакцинациясын алу.