
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында өткен жылдың ұқсас кезеңіндегідей аскаридоз ауруының 1 жағдайы тіркелді.
Аскаридоз – бұл гельминтоздар тобындағы нематодтар (дөңгелек құрттар) – аскаридтер тудыратын ауру. Аталған дерт адамның асқазан-ішек жолындағы жыныстық жетілген гельминттердің паразитизациясымен сипатталады, тыныс алу жолдарының зақымдалуымен және аллергиялық реакциялармен бірге жүреді. Аскаридтер барлық жерде кездеседі. Аурудың негізгі көзі – науқас адам, ол нәжіспен бірге сыртқы ортаға аскарид жұмыртқаларын шығарады, нәтижесінде қолайлы жағдайларда олар жетіліп, олардың ішінде жетілген құрттар пайда бола бастайды. Көбінесе аурудың себебі гигиена қағидаларын бұзу болып табылады. Жуылмаған көкөністер мен жемістерді тұтынған кезде аскарид жұмыртқасы ағзаға енеді, одан жетілген құрттар шығады, ол бүкіл денеге қан тамырлары арқылы таралады. Әрі қарай инфекцияның қайталама фазасы пайда болады және аскаридтердің ішек пен бүкіл денеде үздіксіз қозғалу циклі басталады.
Аскаридоздың белгілері түшкіру, жөтел, терідегі бөртпелер, сондай-ақ мұрын мен тыныс жолдарының қышуы арқылы байқалуы мүмкін.
Аскаридоздың асқынуларына ішектің бітелуі, перитонит, аппендицит, холангит, гепатит, механикалық сарғаю, панкреатит және іш қуысының абсцесі жатады.
Аскаридоздың алдын алу, ең алдымен, жеке гигиенаның қарапайым қағидаларын сақтау болып табылады. Олар: тамақтанар алдында қолды және қолданар алдында жаңа піскен көкөністер мен жемістерді жуу. Сырқаттанушылықты болдырмаудың маңызды бөлімі топырақты нәжіспен ластанудан қорғау үшін елді мекендерді санитариялық абаттандыру болып табылады. Ата-аналар балаларын қадағалап, аузына лас заттарды, топырақты, құмды және т.б. салуға жол бермеуі керек. Мұндай қағидалар қарапайым, бірақ міндетті түрде сақталуы тиіс. Оларды сақтай отыра, аскаридтердің ағзаға түсуінен қорғана аласыз.