
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-264/2020 бұйрығына сәйкес мектеп жасына дейінгі балалар арасында тереңдетілген профилактикалық медициналық қарап-тексерулер жүргізіледі. Оларды балалар арасында аурулардың алдын алу, дамудың ерте кезеңдерінде ауруларды тіркеу және кейіннен балаларды динамикалық бақылау және сауықтыру мақсатында жүргізеді.
895 мектепке дейінгі балалар ұйымы (МБҰ) бақылауда, оның ішінде 194 – мемлекеттік балабақшалар, 701 – жеке меншікте. МБҰ-ға баратын балалардың жалпы саны-72 559.
Аудандық бөлімдердің 2022 жылға оқушыларды тереңдетілген профилактикалық қарап-тексеру нәтижелері бойынша мыналар анықталды: 2022 жылы – 30 836 бала медициналық қарап-тексерілуі тиіс болатын, оның ішінде – 27 890 немесе 90,4% балалар тексерілді (2021 жылы – 96,1%), алғаш рет анықталған патологиясы бар МБҰ балаларының саны – 2269 немесе 8,1% балалар (2021 жылы 16,3%).
Мектепке дейінгі ұйымдарға баратын балаларды медициналық қарап-тексеру нәтижелері бойынша мыналар анықталды:
- 56 (2,4%) балада асқазан-ішек жолдарының аурулары анықталды, бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 1,6%-ға артты (0,8%);
- 127 (5,6%) балада сколиоз ауруы анықталды, бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 2,3%-ға артты (3,3%);
- 150 (6,6% ) балада орталық жүйке жүйесінің бұзылуы анықталды, бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 7,5%-ға азайды (14,1%);
- 349 (15,3%) балада анықталған ауытқулар құрылымында көру органдарының патологиясы айтарлықтай орын алады, бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 3,3%-ға артты (12%).
Аурулардың созылмалы түрлері, қауіп факторлары бар, сондай-ақ профилактикалық медициналық қарап-тексеру барысында анықталған және (немесе) жекелеген жіті ауруларды бастан өткерген балалар жасалған сауықтыру жоспарына сәйкес диспансерлік есепке алуға және байқауға жатады. Мониторинг нәтижелері бойынша диспансерлік есепте 3518 бала тұрады.
Сонымен қатар, МБҰ медициналық персоналы емдеу-профилактикалық және сауықтыру іс-шараларын жүргізеді, сондай-ақ балалардың аурушаңдығын төмендетуге және денсаулығын нығайтуға бағытталған сауықтыру іс-шараларының кешенді жоспарын жасайды. Осылайша, кешенді жоспарға сәйкес 3518 бала сауықтырылуы тиіс болатын, оның 2901-і немесе 82,4%-ы сауықтырылды.
Балалардағы аурулардың негізгі себептерінің бірі – бейімделу кезеңі, яғни аурудың өсуі баланың балабақшаға келуінің басталуымен, әдеттегі өмір салтының өзгеруімен байланысты. Көбінесе ата-аналар балаларға мультфильмдер мен компьютерлік ойындарды көрсетіп, оларды уақытпен шектемейді және ойындарға, серуендеуге, баланың қозғалыс режимін ұйымдастыруға, дұрыс тамақтануына жеткілікті көңіл бөлмейді. Барлық өнімдер қатаң нормаланған және олардың тепе-теңдігі есептелген мектепке дейінгі балалар мекемелеріне барған кезде де балалар тәуекел тобына жатады. Сондықтан балалар ауруының себептерінің бірі – балалардың үйде дұрыс тамақтанбауы.
Оңтүстік мегаполистің санитариялық дәрігерлері жоғарыда аталған патологиялардың алдын алу мақсатында ата-аналарға және мектепке дейінгі балалар мекемелерінің басшылығына мыналарды ұсынады:
- үй-жайлардың оңтайлы микроклиматын сақтау (температуралық режимді бақылау, топтарды кварцтау);
- тағамдарды дәрумендеу;
- режимдік сәттерді сақтау (шыңдау, серуендеу, таңертеңгі гимнастика);
- тәрбиелеу процесін медициналық-педагогикалық қолдауды қамтамасыз ету (ата-аналармен тақырыптық әңгімелесулер ұйымдастыру, денсаулық бұрыштарын ресімдеу, карантиндік қатер өршіген кезде эпидемиологиялық шараларды іске асыру).