
Күнделікті тағам рационын нан өнімдерінсіз елестету қиын. Қазір сауда сөрелерінде нанның сан алуан түрі сатылымда, тұтынушыға кең таңдау берілген. Бірақ солардың ішінде адам ағзасына ең пайдалысы – фортификацияланған ұннан жасалған нан өнімдері, себебі мұндай ұн денсаулықты қалыпты ұстап тұру үшін қажетті түрлі минералдармен, дәрумендермен байытылған.
Қазақстан Республикасының аумағына шығарылатын жоғары және бірінші сұрыпты бидай ұны құрамында темір бар дәрумендермен, минералдармен және басқа да заттармен міндетті түрде байытуға жатады.
Технологиялық өңдеу кезінде көптеген азық-түлік өзінің құнарлылығын азайтады. Сондықтан оны қайта қалпына келтірудің бір жолы – ұнды дәрумендермен және микроэлементтермен байыту. Күнделікті қолданыстағы тағам болғандықтан адам ағзасына аса қажет темір, фолий қышқылы және дәрумендерді ұнға қосу тиімді.
Фортификация – өнімді ұнтақтау кезінде дәрумендер мен минералдардың аз мөлшерде қосылуы, бұл азықтың сапасы мен тағамдық құндылығын арттырады.
Ұнды фортификациялау «Бірінші және жоғарғы сұрыпты ұнды байытуды бақылауды күшейту туралы» ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 06.04.2011ж. №70 қаулысының талаптарына сай жүргізіледі.
Қызылорда облысында нан және нан өнімдерін шығаратын 49 нысан есепке алынған, оның 9-ы кондитерлік өнімдерді дайындаумен айналысады.
2022 жылы аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары зертханалық әдістерді пайдалана отырып, тәуекел дәрежесін бағалаудың ерекше тәртібі бойынша 2 наубайхана, 2 кремдік-кондитерлік өнімдерді өндіру цехтарын тексерді. Аталған нысандар ұндардың қауіпсіздігін растайтын құжаттармен, ұнды дұрыс сақтауға қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілген. Тексеру барысында патогенді микрофлораға 30 шайынды, патогенді стафилококк таяқшасын анықтауға 40 шайынды және 27 тағам үлгісі алынды, сәйкессіздіктер анықталған жоқ.
Өнімдердің қауіпсіздігін мониторингілеу шеңберінде 29 ұн сынамасы алынып, Ұлттық сараптама орталығының облыстық филиалының радиологиялық, жоғары технологиялық зертханаларына жолданды. Сынамалар цезийге, афлотоксин, В1, В6, В12 дәрумендеріне тексерілді, сәйкессіздік анықталған жоқ. Сондай-ақ таңбалануына, органолептикаға, ылғалдыққа, кілегейлігіне, металл-магниттік қоспаларға, кадмийге, қорғасынға, зиянкестермен ластануына тексеріліп, таңбалану бойынша 1 сәйкессіздік анықталды. Анықталған сәйкессіздік бойынша дүкен сөрелерінен алып тастау туралы санитариялық ұйғарым берілді.
Ұнды сатып алу кезінде оның фортификацияланғанына назар аудару қажеттігін еске саламыз.