Тамақ өнімдерін таңбалау туралы

Тамақ өнімдерін таңбалау туралы

Қазіргі заманда өнім түрі де, мөлшері мен олардың сорттарының саны да өте көп, олардың арасынан керегін іздеу, тұтынушыға оңай тимесі анық.

Алайда, қарапайым тұтынушыға сапалы және пайдалы өнімдерді таңдауды үйреніп алуға болады. Ол үшін таңбалау қолданылатын өнімнің жапсырмасын оқи білу керек. Таңбалау тамақ өнімдері туралы ақпаратты қамтиды және жазулар, суреттер, белгілер, символдар, өзге де белгілер түрінде жазылады.

Тұтынушылардың тамақ өнімдері туралы дұрыс ақпаратқа құқықтарын іске асыруды қамтамасыз етуге қатысты тұтынушыларды адастыратын әрекеттердің алдын алу мақсатында Кеден одағы Комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы №881 шешімімен «Тамақ өнімдері оны таңбалау бөлігінде» Кеден одағының техникалық регламенті әзірленді және бекітілді.

Осы Кеден одағының техникалық регламентінде тамақ өнімдерін таңбалау бөлігінде  қойылатын талаптар белгіленген. Тамақ өнімдерінің таңбалауында  өнімнің атауы және оны өндіруші, құрамы, саны, дайындалған күні, тамақ өнімдерін сақтау шарттары болуы тиіс. Бұдан басқа, құнарлығы, ақуыз, майлар және көмірсулардың мөлшері, жарамдылық мерзімі, сондай-ақ  Еуразиялық экономикалық одағына мүше мемлекеттердің нарығында өнім айналымының бірыңғай белгісі «ЕАС» көрсетілуі керек.

Қажетті ақпарат міндетті түрде мемлекеттік  және орыс тілдерінде болуы тиіс. Сонымен қатар, тамақ өнімдерінің таңбалануы түсінікті, оқуға оңай, шынайы және тұтынушыларды адастырмауы қажет.  

Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу мақсатында өнім қауіпсіздігінің мониторингі бойынша жұмыстар жүргізілуде.

2022 жылғы өнім қауіпсіздігі мониторингінің қорытындысы бойынша Жамбыл облысында тамақ өнімдерінің 1869 сынамасы алынды, оның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық сараптама нәтижелері бойынша 910 сынама Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келмеді. Бұл негізінен таңбалау бөлігіндегі сәйкессіздіктер (жарамдылық мерзімі, өнімді өндіру күні, сақтау шарттары, тағамдық және энергетикалық құндылығы туралы ақпараттың болмауы, мемлекеттік тілдегі ақпарат көрсетілмеген) – 870 сынама немесе сәйкессіздіктердің жалпы санының 95%. Таңбалау қағидаларын бұза отырып өнім өндіретін кәсіпкерлік субъектілеріне анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі ұсынымдары бар хабарламалар жіберілді.

Өнім қауіпсіздігін мониторингілеу барысында анықталған бұзушылықтар фактілері бойынша 175 ұйғарым берілді, кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты жоспардан тыс 4 тексеру жүргізіліп, тексеру қорытындысы бойынша 612 600 теңге сомасына 4 әкімшілік айыппұл салынды, 1 819 495 теңге сомасына 939,26 кг сәйкес келмейтін өнім сатылымнан алынды.

 Бұдан басқа, Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігіне бағалаудан өткен таңбалау қағидаларын өнім өндірушілердің бұзуының анықталған фактілері бойынша Техникалық реттеу және метрология комитетінің аумақтық департаменттеріне хаттар жіберіліп, нәтижесінде тіркелген сәйкестік туралы 5 декларацияның қолданылуы тоқтатылды.