Дерматомикоз ауруының эпидемиологиялық жағдайы және оның алдын алу шаралары

Дерматомикоз ауруының эпидемиологиялық жағдайы және оның алдын алу шаралары

Алматы қаласында 2022 жылы дерматомикоз ауруы 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге өсті. Дерматомикоздың ең басым бөлігі 14 жасқа дейінгі балалар арасында байқалады, олардың үлесі 85% құрады. Сонымен қатар, 70% жағдайда аурушаңдық мектеп оқушылары арасында, ал 10% – ұйымдаспаған балалар, 10% – мектепке дейінгі мекемелердегі балалар, 7% – студенттер, 4,2% – жұмыссыздар арасында байқалады.

Дерматомикоз – микроскопиялық саңырауқұлақтар – дерматофиттерден туындаған терінің және оның қосалқыларының беткі бөліктерінің зақымдануы. Аурудың негізгі көздері – үй және әсіресе үйсіз жануарлар (мысықтар, иттер), сондай-ақ ауру адамдар. Инфекция науқас адаммен және жануармен тікелей (жақын) немесе жанама байланыста болғанда, қол алысу, жеке заттар (киім, аяқ киім, тарақ, сүлгілер, маникюр керек-жарақтары және т.б.), ортақ заттар (кітаптар, қаламдар, жиһаздар, ойыншықтар және т.б.) арқылы берілуі мүмкін.

Аурудың инкубациялық кезеңі 1 аптадан 1 айға дейінгі аралықты құрайды. Дерматомикоз ауруының зақымдануының белгілері қоздырғыштың түріне және зақымдану орнына байланысыты:

- шашының түсуі мен терінің қабыршақталуымен бірге жүретін бас терісінде бөртпе пайда болады;

- тегіс теріде дөңгелектенген айқын шекаралары бар, шеттері көтерілген қабынудан ісінген дақтары пайда болады. Зақымданған ошақтың ортасында құрғақтанған қабыршықтар болуы мүмкін.

Дерматомикоз халық арасында кең таралған. Сонымен қатар, науқастардың көпшілігі өз ауруына мән бермейді, басқалардың денсаулығына қауіп төндіре отырып моншаларға, бассейнге, спорт залдарына, шаштараздарға барады. Осы жағдайларда коммуналдық және сауықтыру мекемелерінің қызметкерлері дерматомикоздың таралу қаупін білуі және оларға келушілердің арасында инфекцияның таралуын болдырмайтын қауіпсіздік шараларын сақтауы керек.

Ұйымдастырылған балалар ұйымдарында дерматомикоздың алдын алуда науқастарды ерте анықтау, оларды оқшаулау, сонымен қатар уақтылы емдеу мен жеке гигиена ережелерін қатаң сақтау маңызды орын алады.  

Дерматомикозды жұқтырудың алдын алу мақсатында келесі қағидаларды сақтауды ұсынамыз:

- бөгде адамдардың бас киімдерін, киімдерін, аяқ киімдерін, тарақтарын, төсек-орын жабдықтарын және керек-жарақтарды пайдаланбау;

- қаңғыбас мысықтар мен иттермен байланыста болмау;

- жануарлармен байланыста болғаннан кейін, құмсалғышта ойнағаннан кейін қолды сабынмен жақсылап жуу қажет;

- ваннада немесе душта үнемі жуынып тұру (аптасына кемінде бір рет). Бірақ санитариялық қағидаларға сәйкес үнемі профилактикалық дезинфекция жүргізілетін моншаларға, сауналарға, жүзу бассейндеріне, спорт залдарына бару керек екенін білу маңызды;

- сүлгіні және төсек жабдықтарын ыстық суда жиі жуу, міндетті түрде үтіктеу;

- ата-аналары балаларына қол жуу қағидаларын үйрету, қаңғыбас жануарлармен ойнамауды ескерту;

- үй мысықтары мен иттерде аурудың алғашқы белгілері пайда болғанда оларды емдеу үшін ветеринариялық дәрігерге көрсету қажет.

Ауру анықталған кезде аурудың таралуын болдырмау үшін отбасы мүшелерін, сондай-ақ ол қарым-қатынаста болған барлық адамдарды тексеру қажет.

Егер теріде және бас терісінде бөртпелерді байқасаңыз, дер кезінде диагноз қою және тиісті ем алу үшін медициналық ұйымдардың дерматолог дәрігерінің көмегіне жүгінуді ұсынамыз.

Кез келген ауруды емдеуден гөрі алдын алу оңай!