
Түркістан облысы аса қауіпті жұқпалы аурулар, оның ішінде құтырма ауруы бойынша қолайсыз аймақтар қатарына жатады. 2022 жылы 6 502 адам жануарлардан жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген.
Оның ішінде 5 610-ы иттен, 561-і мысықтан, 140 адам жылқыдан, 40 адам ірі қарадан, 151-і басқа да жабайы жануарлар мен кеміргіштерден зардап шеккен. Бір адам құтырма ауруымен ауырып, қайтыс болды.
Құтырма ауруы – бұл орталық нерв жүйесінің зақымдалуымен және өлім жағдайына әкеліп соқтырумен сипатталатын жануарлар мен адамдардың табиғи ошақтық ауруы.
Вирус адамның ағзасына ауру жануарлардан жарақат алған жағдайда, олар тістеген, тырнаған немесе зақымдалған тері қабатына олардың сілекейі жұққан кезде енеді, сондай-ақ нерв талшықтары арқылы жұлын миына жетеді. Оның емі жоқ, алайда алдын алудың маңызды зор.
Сондықтан, зардап шеккен адам тез арада медициналық көмекке жүгініп, көрсеткіштер бойынша құтырмаға қарсы екпе курстарын алуы керек. Құтырма ауруына шалдығу бірден біліне қоймағанымен, клиникалық көріністері тістелген орынға байланысты 10 күннен 1 жылға дейін созылады.
Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмес үшін, ит, мысық, жылқы т.б жануарларды асыраған жағдайда оларды уақтылы мал дәрігерлеріне көрсетіп, құтырма ауруына қарсы вакцина ектірген абзал. Мінезінде өзгерістер байқалған жануарларды адамдардан, әсіресе балалардан аулақ жабық үй-жайда ұстаған жөн.