
Тұмау мен ЖРВИ (жіті респираторлы вирусты инфекция) клиникасы кенеттен дене қызуының 38-39 С-ға дейін көтерілуімен басталып, адамда әлсіздену, бас ауыру, сонымен қатар құрғақ жөтел, тамақтың жыбырлауы, дауыстың қарлығуы сияқты белгілер пайда болады. Егер ауырған адам дер кезінде емделсе тұмаудан 5-7 күн ішінде сауығып кетуге болады. Тұмаудың жеңіл және орташа ауыр түрлерін учаскелік дәрігер немесе отбасылық дәрігердің бақылауымен емдеу қажет.
Тұмау мен коронавирустың белгілері (дене қызуының 38-39С-ға дейін көтерілуімен басталып, әлсіздену, бас ауыру, сонымен қатар құрғақ жөтел, тамақтың жыбырлауы, дауыстың қарлығуы т.с.с.) ұқсас болғанымен, коронавирустық инфекция ПТР тест тапсыру арқылы анықталады.
Биылғы тұмау және басқа да жіті респираторлы вирусты инфекциялардың эпидемиялық маусымы 2022 жылдың 1 қазанынан басталды. Маңғыстау облысында тұмаудың бүгінгі күнге дейін зертхана арқылы дәлелденген 97 жағдайы тіркелді (грипп В - 58, грипп А - 39). Оның ішінде 86 ересек адамдар болса, 11 адам - 14 жасқа дейінгі бала. 86 ересек адамның ішіндегі 55-і жүкті әйелдер.
Биылғы эпидемиялық маусымға 90 000 доза «Гриппол плюс» вакцинасы (өндіруші – Ресей) сатып алынып, облыс тұрғындарының 11,8% егумен қамтылды.
Егілгендер арасынан вакцинадан кейінгі реакциялар мен асқынулар тіркелген жоқ.
Тұмаудың және басқа да жіті респираторлы вирусты инфекциялардың алдын алу үшін тұрғындарға қоғамдық орында бетперде кию ұсынылады. Сонымен қатар, жеке гигиенаға мән беріп, қолды таза ұстау (сабынмен жуу), антисептикті пайдалану маңызды.
Сондай-ақ, үнемі дәрумендерге бай тағамдарды пайдаланып, таза ауада серуендеп, салауатты өмір салтын ұстануға кеңес береміз.