Сарып ауруының алдын алу

Сарып ауруының алдын алу

Бүгінгі таңда халықтың сарып ауруымен сырқаттанушылығы еліміздің оңтүстік өңірінің, оның ішінде Жамбыл облысының өзекті мәселелерінің бірі болып қалуда.

2022 жылы облыста осы індетке 103 адам шалдыққан, оның 26 – балалар мен жасөспірімдер арасында. Аурудың өсіп келе жатқан жас ұрпақ арасында тіркелуі және бала денсаулығын қорғау жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруда қиындық туындағаны алаңдатады. Мысалы, бұрын балалар мен жас өспірімдерді мал шаруашылығына жұмылдырғаны үшін талаптарды бұзушылар дер кезінде тиісті жазаларын алған болса, қазіргі уақытта, төрт түлік малдың көп бөлігі жеке қолда болып, малды күту жұмыстарына кәрі-жастың бірдей араласуы – осы инфекцияның жұғу қаупін туғызып отыр.

Сарып ауруы – адамның барлық органдары мен жүйелерін зақымдайтын аса қауіпті жұқпалы ауру, ол індеттенген мал және ауру мал ластаған сыртқы орта объектілері арқылы адамға жұғады. Сарып ауруы адамнан адамға жұқпайды.

Ауру адамның дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріліп, бас ауруы, қалтырау, әлсіздіктен басталады. Содан кейін буындарда ауырсыну мен ісіну, жүрек-қан тамырлары, жүйке, урогенитальды жүйелердің зақымдануы пайда болады. Бұл құбылыстар кейде жоқ болып кетіп, содан кейін қайта өршіп, ұзақ уақыт бойы жалғасып, мүгедектік пен жұмысқа жарамсыздыққа әкеліп соқтыруы мүмкін.

Сарып ауруының алдын алу мақсатында келесі шараларды сақтау қажет:

- ауыл шаруашылығы жануарларына күтім жасау кезінде жеке гигиена қағидаларын сақтау;

- мал сатып алу кезінде ветеринариялық анықтаманы талап ету;

- бруцеллезбен ауырған немесе оған тексерілмеген малды жеке шаруашылықтағы малдың сау үйіріне қоспау;

- ет, сүт және басқа да мал өнімдерін сатып алу кезінде сол өнімдердің қауіпсіздігін куәләндыратын құжаттарды талап ету;

- рұқсат етілмеген жерлерден мал өнімдері мен шикізаттарын сатып алмау.

Осы қарапайым қағидаларды сақтасаңыз өзіңізді және жақындарыңызды аурудан қорғайсыз!