
Қазақстан Республикасының аумағын санитариялық қорғау, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу ел халқының санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығының басым бағыттарының бірі болып табылады.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес санитариялық-карантиндік бақылау Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде, мемлекетаралық беру теміржол станцияларында немесе түйіспе станцияларында адам денсаулығы үшін ықтимал қауіпті өнімді әкелуді, инфекциялық және жаппай инфекциялық емес аурулардың (уланудың) пайда болуы мен таралуын болдырмау мақсатында адамдарға, көлік құралдарына және мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мен қадағалау бақылауындағы өнімге (тауарларға) қатысты жүзеге асырылады.
Санитариялық-карантиндік бақылауды Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері еліміздің халықаралық әуежайларында, теміржол көлігіндегі өткізу пункттерінде, теңіз порттарында және «Қорғас» ХШЫО-да, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің аумақтық бөлімшелері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Мемлекеттік шекара арқылы автомобиль өткізу пункттерінде жүзеге асырады.
Еуразиялық экономикалық одақ туралы 2014 жылғы 29 мамырдағы шарттың ережесіне сәйкес, осы Шартта көзделген жағдайларды қоспағанда, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы шекара арқылы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау жүзеге асырылмайды.
Бұл ретте, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағында санитариялық-эпидемиологиялық жағдай нашарлаған жағдайда уақытша санитариялық шаралар енгізуге және санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізуге; тиісті халықаралық ұйымдардан, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден немесе үшінші елдерден қолданылатын санитариялық шаралар және (немесе) санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы туралы ақпарат алуға құқығы бар.
Уақытша санитариялық шараларды енгізу кезінде қажетті шаралар қабылданады және елдің халқын қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ететін санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіледі.
Осыған байланысты, ДДҰ коронавирус инфекциясының (COVID-19) пандемиясы туралы жариялаған сәттен бастап COVID-19 әкелінуіне және елдің халқы арасында таралуына жол бермеу мақсатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы барлық өткізу пункттерінде, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы шекара арқылы өткізу пункттерінде шектеу шаралары енгізілді.
Елдегі және әлемдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын ескере отырып, 2022 жылғы 8 маусымнан бастап Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өту кезінде келген адамдар үшін COVID-19-ға қарсы ревакцинацияны немесе вакцинацияның толық курсын алу туралы міндетті құжаттамалық растауды, ал олар болмаған кезде ПТР әдісімен COVID-19-ға зерттеудің теріс нәтижесі бар анықтаманы талап етуді көздейтін аталған шектеу шаралары жойылды.
Сонымен қатар, шетелден көліктің барлық түрлерімен келген адамдарға мониторинг жасау жалғасуда, сондай-ақ әлемдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, инфекциялық аурулардың әкелінуі мен таралуының алдын алу мақсатында көлік құралдарында және адамдар көп жиналатын жерлерде маска режимін сақтау ұсынылады.