Жаңа жылдық тәттілерді қалай таңдауға болады?

Жаңа жылдық тәттілерді қалай таңдауға болады?

Кондитерлік өнімдер – бұл негізінен қанттан немесе басқа тәтті заттардан (бал, ксилит, сорбит), сондай-ақ сірнеден, түрлі жеміс-жидектерден, сүттен, майдан, какао бұршақтарынан, жаңғақ дәндерінен, ұннан және басқа да компоненттерден тұратын тәтті тағамдар. Олар жағымды дәмімен, хош иісімен, әдемі сыртқы түрімен, жоғары тағамдық құндылығымен, калориясымен және жақсы сіңімділігімен ерекшеленеді. Кондитерлік өнімдердің тағамдық құндылығы оның ішіндегі адам ағзасына қажетті заттардың (көмірсулар, ақуыздар, майлар, минералдар, дәрумендер және т.б.) кешеніне байланысты.

Кондитерлік өнімдер екі негізгі топқа бөлінеді: қантты (қант мөлшері кемінде 20%) және ұнды (пісірілген жартылай фабрикаттағы ұн мөлшері кемінде 25%).

Кондитерлік өнімдерді қалай таңдауға болады?

Кондитерлік өнімдердегі қант пен май мөлшерінің көп болуына байланысты тез бүлінуі мен ауру тудыратын микроорганизмдердің көбею қаупі бар, сондықтан кондитерлік өнімдерді сақтау олардың сыртқы түрі мен сапасынан кем емес маңызды фактор болып табылады. Сол себепті, кондитерлік өнімдерді сатып алар кезде өндірушінің өнімнің дайындалған күні мен жарамдылық мерзімін көрсеткеніне, ал сатушының өндіруші белгілеген кондитерлік өнімдерді сақтау мен сату шарттарын (ауаның температурасы, салыстырмалы ылғалдылық) сақтағанына, қаптаманың тұтастығын бұзбағанына және тауарлық көршілік шарттары сақталғанына көз жеткізу қажет. Өнімнің бетінде және ішінде бөгде қоспалардың болмауы тиіс, бір-біріне жабысып немесе еріген, сынған немесе пішінін жоғалтпауы керек.

Балаларға жаңа жылдық тәтті сыйлықтарды таңдауға аса жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Құрамында шоколад, галет печеньесі, зефир, пастиласы бар және кремді кондитерлік өнімдер, сүт десерттері мен йогурттар сияқты тез бұзылатын өнімдер қосылмаған жиынтықтарды алу ұсынылады. Сондай-ақ, құрамында тағамдық қоспалар, консерванттар, гомогенделген майлар мен майлар мөлшері аз өнімдерді таңдаған жөн. Егер сыйлықтың құрамында ойыншық болатын болса, онда тамақ өнімінің қаптамасында «Ойыншық бар» деген жазуы болуы керек (КО ТР 008/2011).

Қазақстан Республикасының аумағында өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарсыз, тұтынушыларға арналған қазақ және орыс тілдеріндегі ақпаратсыз, қандай да бір таңбалаусыз сыйлық қаптамасына оралған кондитерлік бұйымдардың жаңа жылдық сыйлық жиынтықтарын сатуға жол берілмейді. Өндірушісі көрсетілмеген тауарларды сатып алудан, тіпті олардың құны қызықтырғанмен бас тарту керек, өйткені қауіпті өнімді сатып алуыңыз мүмкін.

ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өнім қауіпсіздігін мониторингілеу аясында кондитерлік өнімдерге бақылау жүргізді. 2022 жылы кондитерлік өнімдердің 121 сынамасы іріктеліп, зерттелді. Жүргізілген санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың қорытындысы бойынша өнімнің 9 түрі КО ТР 022/2011 таңбалануы бойынша талаптарға сәйкес келмейді деп танылды, өнімде микробиологиялық немесе басқа да қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша бұзушылықтар анықталған жоқ.

Тұтынушылардың назарына – дүкен сөрелерінде талаптарға сәйкес келмейтін өнімдер табылған жағдайда, сіз Шығыс Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне немесе оның аумақтық басқармаларына жазбаша түрде жүгіне аласыз.

Аурулардың алдын алу үшін кондитерлік өнімдерді шамадан тыс тұтыну 2-типті қант диабетіне, семіздікке, тісжегі мен басқа да ауруларға әкелуі мүмкін екенін есте ұстаған жөн. Қант диабетімен ауыратын науқастарға арналған кондитерлік өнімдерде қант ксилит пен сорбитке ауыстырылады.