
Жетісу облысы бойынша 2022 жылғы 12 айында мектеп және мектеп-интернаттарының компьютерлік сыныптарында электромагниттік өрістердің (ЭМӨ) деңгейлерін анықтау үшін 22146 өлшеу жүргізілді, оның ішінде рұқсат етілген шекті деңгейден артқаны – 487-ні (2,2%) құрады, олар Ескелді, Қаратал, Панфилов, Сарқан аудандары мен Талдықорған, Текелі қалаларының білім беру объектілерінде орнатылды.
ЭМӨ шекті рұқсат етілген деңгейлерінен асып кетудің негізгі себебі компьютерлік сыныптарда жерге қосу контурының болмауы, дұрыс жерге қосылмау болып табылады.
Анықталған бұзушылықтар бойынша білім беру ұйымдарының басшыларына ұйғарымдар беріліп, жауапты тұлғалар 9847545 теңге сомасына айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Балалардың өсіп келе жатқан ағзасына ЭМӨ-нің қандай жағымсыз әсері бар?
Параметрлері рұқсат етілген нормалардан асатын ауыспалы электромагниттік өрістердің жүйелі әсерінің салдары: орталық жүйке жүйесінің қалжырауы (тежелгіштік, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, депрессия, аса қозғыштық, тітіркенгіштік, ұйқысыздық, көңіл-күйдің өзгеруі, әлсіздік); жүрек-қан тамырлары жүйесінің бұзылуы (жүрек соғу жиілігінің төмендеуі, қан қысымының, ЭКГ көрсеткіштерінің өзгеруі), қанның биохимиялық көрсеткіштердің өзгеруі.
Осыған байланысты, білім беру объектілерінің басшылары өндірістік бақылау шеңберінде ЭМӨ көрсеткіштеріне тұрақты зерттеулер жүргізіп, оқу кабинеттерінде компьютерлерді пайдалану кезінде барлық талаптарды орындауы қажет.
Бүгінгі таңда балалардың көпшілігінде ұялы телефондар, дербес компьютерлер бар екенін естен шығармауымыз жөн. Ата-аналарға балаларына күніне 1-2 сағаттан артық компьютерде отыруға, сондай-ақ ұялы телефонды қажетсіз пайдалануға рұқсат бермеу керек.
Балаларымызды ЭМӨ-нің зиянды әсерінен қорғау – әркімнің міндеті.