ЖРВИ, тұмау ауруларының алдын алу

ЖРВИ, тұмау ауруларының алдын алу

Тұмау – бұл барлық жерде кең таралған жоғары жұқпалы вирустық инфекция. Тұмаудың тән клиникалық көріністері: дене қызуының күрт көтерілуімен (38°C-тан жоғары), қалтыраумен, бас ауруымен, бұлшықет ауруымен, жалпы әлсіздікпен, жөтелмен бірге жүретін аурудың кенеттен жедел басталуы. Тұмау несімен қауіпті? Тұмау өзінің асқынуларымен өте қауіпті: пневмония, бронхит, трахеит, отит, жүрек-тамыр жүйесінің, жүйке жүйесінің асқынулары (менингит, менингоэнцефалит, энцефалит, невралгия, полирадикулоневрит). Тұмау көбінесе созылмалы аурулардың өршуімен бірге жүреді.

Ақмола облысында 2022 – 2023 жылдардың эпидемиялық маусымы басталғаннан бері (2022 жылғы 01 қазаннан бастап) ЖРВИ/тұмаудың 86 832 жағдайы тіркелді, өткен эпидемиялық маусымның ұқсас кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылықтың 2,2 есе өсуі байқалды, бұл көрсеткіш өткен эпидемиялық маусымда 4 715,67-ге қарағанда 100 мың тұрғынға шаққанда  10 455,21 құрады.

Науқастардың жалпы санынан 27%-ы (24 177 жағдай) 14 жасқа дейінгі балалардың үлесіне келеді, оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалар арасында 2 874 (11,8%) жағдай. Жүкті әйелдер арасында ЖРВИ-дің 2081 (2,3%) жағдайы тіркелген.

«В» типті тұмаудың 31 жағдайы, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 11 жағдай тіркелді. Көкшетау қаласында 14 жағдай, Ақкөл ауданында 4 жағдай, Зеренді ауданында 3 жағдай, Атбасар және Сандықтау аудандарында 2 жағдайдан, Есіл, Аршалы, Шортанды, Бұланды аудандарында және Степногорск қаласында бір жағдайдан тіркелді.

Ағымдағы эпидемиялық маусымда сырқаттанушылықтың 1,7 есе өсуіне байланысты (40 аптамен салыстырғанда 41 апта ішінде) «Денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында шектеу іс-шараларын енгізу туралы» Ақмола облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2022 жылғы 14 қазандағы №37 қаулысы шығарылды.

Тұмаудың алдын алудың негізгі шарасы – вакцинация екенін есте ұстаған жөн. Вакцинация халықтың барлық топтарына ұсынылады, әсіресе қауіп-қатер тобындағы контингенттерге, әлсіреген және жиі ауыратын балаларға, созылмалы аурумен ауыратын егде жастағы адамдарға, медицина қызметкерлеріне, жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі жүкті әйелдерге көрсетіледі. Вакцинация аурудың эпидемиялық көтерілуі басталғанға дейін 2-3 аптадан кешіктірілмей жүргізіледі.

Тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу мақсатында:

- адамдар көп жиналатын жерлерде және қоғамдық көліктерде болу уақытын қысқартуды;

- адамдар көп жиналатын жерлерде медициналық бетперде тағуды;

- түшкіру немесе жөтел сияқты белгілері бар адамдармен тығыз байланыста болудан аулақ болуды ұсынамыз.

Өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын сақтаңыз!