
Листериоз табиғи ошақтық, адамдар да жануарларда да кездесетін зоонозды инфекциялық ауру. Ол тамақтың ауруы, бүйректің қабынуы және менингит аурулары сияқты байқалып, әртүрлі ішкі ағзаларды зақымдайды. Жыныс мүшелерін зақымдап, аяқ астынан түсік тастау, сәбидің өлі туылуы, нәресте көтере алмау сияқты ауыр клиникалық көріністер байқалады, тіпті жаңа туған нәрестелердің өліп кетуіне де себеп болады.
Ауру қоздырғышының жұқтыру көзі кеміргіштер болып табылады, оның ішінде тышқандар, егеуқұйрықтар, су тышқандары, қояндар. Қазіргі күнде листериоз ауылшаруашылық малдарында, ит, мысық және құстарда байқалуда. Жабайы жануарлардың көбінде листериоз ағымы белгі бермейді, бірақ олар сыртқы ортаға қоздырғышты бөліп шығарады.
Листериоздың қоздырғышы сыртқы ортаға айтарлықтай төзімді, табиғи су қоймаларында 2-8°С аралығында 1 жылға дейін, мұзда 3 жылға дейін сақталады. Ағынды, іркінді суларда кездеседі. Көктемде қордамен ластанған топырақта 33 тәулік, қыста 115 тәулікке дейін сақталады. Құрама жемде 7 ай бойы тіршілік ете алады. Төменгі температура, мұздату, кептіру ауру қоздырғышына кері әсерін тигізе алмайды, алайда қайнату барысында 3-5 минут ішінде листерия қоздырғышы жойылса, залалсыздандырғыш заттарға төзімсіз.
Ластанған өнімдерді қолданғаннан кейін листериялардың организмге түсуі салдарынан адамға жұғады.
Негізінен, адамдардың аурушаңдығы қыстың аяғында және көктемгі-жазғы кезеңдерде арта түседі. Листериоздың ағымы көбінесе жасырын түрде өтуге бейім, қоздырғыш тәнге енгеннен кейін аурудың белгілері 3-45 күн, көбінесе 8-20 күн аралығында білінеді. Листериозбен ауыратын адам да, симптомсыз тасымалдаушы да эпидемиологиялық қауіп төндіретінін есте ұстаған жөн.
Ағымдағы жылы Қарағанды облысында аса қауіпті инфекциялар зертханалары базасында листериозға 200-дей серологиялық және 300 ден аса бактериологиялық зерттеулер жүргізіліп, иммунді-ферменттік талдау жолымен 12 (6,7%) және 3-і (1,1%) бактериялық жолмен оң нәтижелері анықталды.
Сырқаты бактериологиялық әдіспен анықталған адамдар арасында «Листериоз» диагнозы 1 жағдайда расталды, екінші жағдайда «Листериозды тасымалдаушы» диагнозы қойылса, үшіншісі одан арғы тексерулер барысында расталмады.
Серологиялық жолмен анықталған 12 жағдайда листериоз диагнозы расталмағанымен, бактериологиялық тексеру жасалынып, медициналық мамандардың бақылауына алынды.
Сыртқы ортаның жай-күйін айқындау мақсатында ошақтардан 35 шайынды сынама, ет және сүт өнімдерінің 6 сынамасы алынды, листерия қоздырғышының болуына зерттелді, нәтижелері теріс.
Адамдар арасында және қоршаған ортада қоздырғыштың айналымын, жануарлар арасында листериялардың резервациясын, тамақ өнімдерінің ластануын, эпидемиологиялық маңызы бар объектілердің болуы мен жай-күйін бақылау мақсатында ағымдағы жылы 48 жем-шөп сынамасы, 12 қоқыс сынамасы, 33 су сынамасы, 100 тамақ өнімі сынамасы, 601 кеміргіштер түрлі әдістермен зертханалық зерттелді. Оң нәтижелер Ақтоғай, Осакаров аудандарының аумағында ұсталған кеміргіштердің 4 данасында анықталды.
Аурудың алдын алу санитариялық-ветеринариялық іс-шаралар кешенінен, яғни кеміргіштермен тамақ өнімдерін, сумен жабдықтау көздерін ластаудан қорғау іс-шараларынан тұрады. Жұқтыру күдігін тудыратын азық-түлікті қолдануға жол бермеу қажет. Елді мекендерде үй кеміргіштерін, тышқандар мен егеуқұйрықтарды жою жүйелі түрде жүргізілу керек.
Листериозға қарсы мақсатты алдын-алу іс-шаралары болмаған жағдайда келесіні ұсынамыз:
- пастерленбеген (жұмсақ) ірімшіктерді, шикі сүтті және басқа пастерленбеген сүт өнімдерін жүкті әйелдердің рационында, өңделмеген өсімдік өскіндерін, жуылмаған көкөністер мен жемістерді қолдануға болмайды;
- акушерлік-гинекологиялық анамнезінде (мерзімінен бұрын босану, жүктіліктің түсік тастауы) жағдайлары болса, сондай-ақ жануарлармен үнемі өзара әрекеттесетін бала туу жасындағы әйелдерге листериозға тексеруден өту қажет;
- мал шаруашылығы қызметкерлері жануарларды сойғаннан кейін 1-2 айдан кейін, қойлар мен жануарларды жаппай төлдегеннен кейін зертханалық тексеруден өтуі тиіс;
- жеке гигиена шараларын сақтау;
- аурудың белгілері пайда болған кезде міндетті түрде дәрігермен кеңесіп, зертханалық тексеруден өту керек.