
Түркістан облысында қазіргі уақытта маусымдық тұмаумен және жедел респираторлық вирустық инфекциямен (ЖРВИ) аурушаңдықтықтың маусымдық өсуі байқалады. 2022 жылдың 11 айында ЖРВИ-дің 6320 жағдайы тіркелді. 100 000 халыққа шаққандағы көрсеткіш 312,1-ді құрады. 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 32,1%, ал 14 жасқа дейінгі балалар арасында аталған аурушаңдық 1,2 есеге төмендеген.
Алайда ересектер және 14 жасқа дейінгі балалар арасында тұмау аурушаңдығының саны біршама артқан. 2022 жылдың 11 айында 45 жағдай тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі 13 бала дәрігерлер көмегіне жүгінген. Өткен жылмен салыстырғанда тұмау ауруы 5,6 есеге, 14 жасқа дейінгі балалар арасында 4,3 есеге артып отыр.
Эпидмаусым басталғаннан бері ЖРВИ-дің 2 556 жағдайы, тұмаудың 56 жағдайы тіркелген. Бірақ аурушаңдық көпжылдық бақылау деңгейінен асқан жоқ.
Облыс тұрғындары арасында тұмау және ЖРВИ алдын алу мақсатында «2022-2023 жылдардың эпидемиялық маусымына арналған тұмау және ЖРВИ жөніндегі санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу туралы» Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №30 қаулысына сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта жергілікті бюджет есебінен 298 000 теңгеден астам сомаға тұмауға қарсы «Гриппол плюс» вакцинасының 304 000 дозасы сатып алынды.
3 қазан – 1 желтоқсан аралығында тұмауға қарсы иммундау науқаны жүргізіліп, тиісті контингенттер вакцинамен 100% қамтамасыз етілді.
Жіті респираторлық вирустық ауру науқас адамнан сау адамға ауа-тамшылы жолдармен жұғады, тіпті өте ауыр жағдайларда өліммен аяқталу қаупі бар.
Тұмау вирустық және бактериалдық пневмонияға, отитке, гайморитке, менингитке, энцефалитке, сондай-ақ септикалық асқынуларға әкеп соғуы мүмкін.
Белгілері – әлсіздік, қатты бас ауру, қалтырау, ауру ағымына қарай дене қызуының 38-40С көтерілуі, бұлшықет пен буындардың ауру сезімі, көрудің нашарлауы, мұрынның бітуі, тамақтың қышуы, тершендік, құрғақ жөтел. Аурудың ұзақтығы 5 күннен 10 күнге дейін созылады.
Осыған байланысты азаматтарды тұмауға қарсы екпе алып, аталған вирусты инфекциялардан барынша сақтануға шақырамыз.