Дезинсекция – адамды, жануарларды, үй-жайларды және аумақты жәндіктер мен басқа да буынаяқтылардан қорғау мақсатында оларды жою жөніндегі профилактикалық және жою іс-шараларының кешені.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 152-бабына сәйкес профилактикалық дезинсекция облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жүргізеді.
Дезинсекциялау жүргізу үшін Қазақстан Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақ аумағында қолдануға рұқсат етілген құралдарды пайдалану қажет.
Тіркелген құралдар туралы ақпарат Мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің бірыңғай тізіліміне (бұдан әрі – Бірыңғай тізілім) орналастырылады. Бірыңғай тізілім Еуразиялық экономикалық комиссияның мына веб-сайтында орналастырылған: http://www.eurasiancommission.org.
Тұрғын үйге жәндіктердің әкелінуінің қоғамдық профилактикасы және алдын алу мақсатында дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялаумен айналысатын ұйымдармен шарттар жасасу және сақтық шараларын сақтай отырып, дезинсекциялық өңдеуді уақтылы жүргізу ұсынылады.
Дезинфекциялау құралдарымен жұмысқа тартылатын мамандар (дезинфекция нұсқаушысы, дезинфектор, дератизатор) әрбір 5 жылда дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау бойынша кәсіптік даярлықтан өтуі және жұмысты қауіпсіз жүзеге асыру, дезинфекциялау құралдарымен уланған жағдайда дәрігерге дейінгі алғашқы көмекті көрсету мәселелері бойынша нұсқаудан өтуі тиіс. Объектілерде дезинсекциялау жұмыстары жәндіктердің болуына оларды алдын ала тексеруден, түрлерін анықтаудан, жәндіктер орналасқан орындарды және санын анықтаудан басталады. Жұмыстар басқа адамдар болмаған кезде кейіннен міндетті түрде желдету және жинау арқылы жүргізіледі.
Дезинсекциялау жүргізуді жеке және қоғамдық қауіпсіздік шараларын сақтауды қамтамасыз ете отырып, қолдану шарттарын міндетті түрде регламенттеу арқылы (препараттың шығысы, желдету, жинау режимі) препаратқа арналған нұсқаулыққа қатаң сәйкес түрде жүзеге асыру қажет.
Өңдеуді жоспарлау кезінде халықты іс-шаралар жүргізу туралы және қажетті сақтық шаралары туралы хабардар ету қажет.
Өңдеу жүргізу орындарында өңдеуге қатысы жоқ адамдардың, сондай-ақ үй жануарларының болуына жол берілмейді.
Сіздің денсаулығыңыз өз қолыңызда екенін есте сақтау маңызды!