Назар аударыңыз: сальмонеллёз!

Назар аударыңыз: сальмонеллёз!

Сальмонеллёз – Salmonella түріндегі бактериялармен берілетін ас  қорыту жүйесін зақымдайтын инфекциялық ауру.

Сальмонеллёз қоздырғышы қоршаған ортаға бейімделгіш: ашық су қоймаларындағы суларда 120 күнге дейін, топырақта – 140 күнге дейін, ет пен шұжық өнімдерінде – 60 күннен 130 күнге дейін (мұздатылған етте – 13 айға дейін) сақталады.

Инфекцияның басталу көзі негізінен үй жануарлары, құстар мен адамдар (сырқат, тасушы) болып табылады. Берілу механизмі – нәжістік және ауыз арқылы.  Берілу жолдары: инфекцияны жұқтырған малдар мен құстардардан алынған тамақ өнімдері арқылы, сонымен қатар ластанған қолдар немесе қолданыстағы заттар арқылы, инфекция жұқтырылған сулар арқылы (мысалы ашық су қоймалары мен су құбырындағы суларда сальмонелла болуы мүмкін).

Аурудың ушығу қауіптілігі жылы мезгілдерде арта түседі: жаз және күздің басы – қоздырғыштың белсенді таралу уақыты.

Сальмонеллёз – өлім-жітімге әкелуі ықтимал, қауіпті инфекциялық ауру. Бұл ауру бойынша өлім-жітімге әкелу – 1,3 пайызды құрайды. Балалар ересектерге қарағанда жиі ауырады және оларда ауру ағымы ауыр өтеді, сондықтар 2-3 жастағы сәбилер арасындағы өлім-жітім жайттары – 3-5 пайызды құрайды.

Ғалымдар соңғы 30 жыл ішінде ауылшаруашылық құстарында (әсіресе тауықтарда) сальмонеллёз ауруының өсуін бақылап отыр. Тауықтың жұмыртқасы сальмонеллёз жұқтырудың ең қауіпті жолы болып саналады.

Сальмонеллёздің ең бір жаман қасиеті, оның қоздырғышы түскен тағам түрі мен дәмінің өзгермеуі болып табылады. Тамақ өніміндегі сальмонеллёз инфекциясын тек жүргізілген зертханалық талдау  арқылы ғана анықтауға болады.

Адам ағзасының  жағдайына, жас мөлшеріне және жынысына қарамастан сальмонеллёзді адамның табиғи қабылдау деңгейі өте жоғары, ол қоздырғышпен қатынасқа түскен жағдайлардың барлығы да ауруға әкеліп соғады деген сөз.

Сальмонеллёздің инкубациялық мезгілі бірнеше сағаттан екі күнге дейін созылуы мүмкін. Адам ағзасына түскен қоздырғыш бірінші ретте асқазан-ішек жолдарын зақымдайды, ем қолданылмаған жағдайларда басқа да жүйелерге, тіндерге, ағзаларға ауысып, оларды да зақымдай бастайды. Сальмонеллёздің негізгі белгілері (жүректің айнуы, құсу, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тахикардия) жүрек-қан тамырларының ауруларына, соқырішек, тамақтан улану, дизентерия немесе іш сүзегіне ұқсас болуы мүмкін, сондықтан да денсаулық жағдайы нашарлауы мен айтылған белгілер кезінде бірден дәрігерге қаралған дұрыс.

 Сальмонеллёзден қорғануға бола ма? Сальмонеллёзбен ауырмас үшін әр адамның есінде болатын  басты қағидалар, басқа да инфекциялық аурулардың алдын алу талаптары сияқты:

-жеке бас гигиенасының жалпы нормаларын орындау, әр тамақ ішер алдында, тамақ дайындағанда, жануарларды ұстағаннан кейін, дәретханаға барған соң, қоғамдық орындарда болғаннан кейін қолды міндетті түрде жуып тұру, ас үйдегі тазалыққа баса назар аудару;

-алдын ала термиялық өңдеуден өтпей тамаққа қолданылатын тамақ өнімдерінің барлығын бірнеше реттен қайнаған сумен жуу;

-қауіптілігі белгілі өнімдер (сүт, ет, жұмыртқа) бекітілген технологияларға сәйкес дайындалулары керек, естеріңізде болсын, ірі сауда желілерінен алынған құс өнімдері де сальмонеллёзді жұқтыру көзі болуы әбден ықтимал;

-тоңазытқыштарыңызда тауар көршілестігін сақтау керек, дайын тамақтарды шикі өнімдермен қатар бір сөреде сақтауға болмайды, жұмыртқалар арнайы бөлінген орындарда сақталуы керек;

-бактериялардың көбеюіне жол бермеу үшін өнімдерді оларға қауіпсіз температуралық ережелерге сәйкес сақтау қажет;

-ақшаңызды үнемдеу мақсатында саудаға арналмаған, талапқа сәйкес емес жерлерде сатылып жатқан, сапасы күдікті өнімдерді, ашық көше дүңгіршектерінде сатылатын дайын тамақ өнімдерін сатып алуға, сенімсіз қоғамдық тамақтану орындарынан тамақтануға  болмайды;

-әсіресе үй жағдайында дайындалған сүт және сүт өнімдерін термиялық өңдеусіз (қайнатпай, пісірмей) қолдануға болмайды,

-ас үйде әр өнімнің түрлеріне арналған кесу тақтайшалары мен пышақтары бөлек болуы керек,

-ішуге және тамақ дайындауға бөтелкелердегі немесе қайнатылған суды қолдану қажет.