ШҚО-да тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін бақылау нәтижелері

ШҚО-да тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін бақылау нәтижелері

Шығыс Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті халықтың өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келмейтін тауарлар мен өнімдерді анықтау, әкелу мен өткізудің жолын кесу мақсатында облыстың сауда желілерінде өнім сынамаларын іріктеу (сатып алу) жолымен өнім қауіпсіздігі мониторингін жүргізеді.

Мәселен, ағымдағы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысында тамақ өнімдерінің 1388 сынамасы, оның ішінде Қазақстан Республикасы өндірушілерінің өнімі – 523 сынама (38%), импорттық өнім – 865 сынама (62%) сатып алынып, зерттелді.

Мониторинг барысында тамақ өнімдерінің 204 сынамасында (15%) сәйкессіздік анықталды. Отандық өнімдер бойынша сәйкессіздік көрсеткіші 42%-ды (86 сынама), импорттық өнім бойынша - 58%-ды (118 сынама) құрады.

Сәйкессіздіктердің негізгі үлесі, атап айтқанда 72%-ы таңбалау қағидаларының талаптарын бұзуға тиесілі: өндірушінің атауы мен орналасқан жері, мемлекеттік тілдегі ақпарат, КО - ға мүше мемлекеттердің нарығында өнім айналымының бірыңғай белгісі, шығарылған күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары және т. б. жоқ. Сондай - ақ, сәйкессіздіктің 20%-ы өнім қауіпсіздігі көрсеткіштерінің үлесіне, 8%- ы физикалық-химиялық көрсеткіштердің сәйкессіздігіне тиесілі.

Зерттелген сынамалардың жалпы санынан сәйкессіздіктер ет, сүт, балық өнімдерінде, құс етінде, май, ұн өнімдерінде, аспаздық өнімдерде, көкөністерде, жемістерде және т. б. анықталды.

Анықталған бұзушылықтар фактілері бойынша 185 ұйғарым берілді, жалпы сомасы 2 542 290 теңгеге айыппұл салынды, 76,5 кг қауіпті өнім сатудан алынды, өнімнің сәйкестігін растайтын 12 құжаттың қолданылуы тоқтатылып, күші жойылды.

Осыған байланысты, Шығыс Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұтынушыларға өнімді сатып алар кезде өнімнің таңбалануын, атап айтқанда дайындалған күнін, жарамдылық мерзімін, сақтау шарттарын, оның ішінде өнімді ашқаннан кейінгі сақтау шарттарын мұқият қарауға кеңес береді. Сондай-ақ, тұтынушы сатушыдан өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттарды (декларация, сертификат, мемлекеттік тіркеу туралы куәлік) сұратуға құқылы.

Таңбаланбаған, жарамдылық мерзімі өткен немесе бүлінудің айқын белгілері бар өнімдер табылған жағдайда, сіз Шығыс Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне және оның аумақтық басқармаларына жүгіне аласыз.

(фото ашық дереккөздерден алынды)