
Түркістан облысында Сырдария өзенінің сол жағалауындағы бірқатар елді-мекендер: Шардара, Арыс, Отырар аудандарының аумақтары зоонозды-тері лейшманиоз ауруының табиғи ошақтары болып табылады.
Зоонозды тері лейшманиозы адамға трансмиссивті жолмен жұғатын ауру. Індеттің тасушысы кеміргіштер, әсіресе үлкен құмтышқандары. Ал оны таратушы үндемес масалар – қаңсорғыш жәндіктер Phlebotomus.
Өңірде 2022 жылдың 11 айында зоонозды тері лейшманиоз ауруының 29 жағдайы тіркелді. Былтырғы жылмен салыстырғанда 18 жағдайға өскен. Ал 14 жасқа дейінгі балалардың үлесі 55% құрап отыр.
Инкубациялық кезеңі 2-4 аптаға созылып, ауру уақытының ұзақтығы орташа 6 айды құрайды.
Ауырып сауыққан адамдар қайта ауырмайды, иммунитет сақталады. Лейшманиозбен ауырған адамдар өздігінен емдеумен айналысып, дәрігердің көмегіне кеш хабарласады.
Жыл сайын инфекцияны тасымалдаушылардың санын қысқарту мақсатында «Түркістан облысы бойынша дезинфекция орталығының» мамандары профилактикалық дезинсекциялық және дератизациялық іс-шаралар өткізеді. Ал, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары тұрғындар арасында профилакатикалық түсіндіру, ағарту жұмыстарын жүргізуде.
Санитарлық-профилактикалық шараларды, оның ішінде репелленттерді қолдану арқылы зоонозды тері лейшманиозының инфекциясынан қорғануға болады. Сонымен қатар, үй-жайларды тасымалдаушылардан қорғау үшін терезелерді торлап, аулалардағы тазалықты қатаң бақылау керек.
Егер теріде бөртпелер мен жаралардың пайда болғанын байқасаңыз, дәрігерге жүгінуге кеңес береміз.
(фото ашық дереккөздерден алынды)