
Эхинококкоз – созылмалы ағымымен, ағзаның аллергиясымен және бауырдың, өкпенің және басқа мүшелердің зақымдануымен сипатталатын паразиттік ауру, онда көптеген кистозды түзілістер қалыптасады, олар мүгедектікке немесе асқынған жағдайларда өліммен аяқталуы мүмкін.
Адамдар үшін эхинококкоздың негізгі көзі иттер, ал сирек қасқырлар, түлкілер және шакалдар болып табылады. Адам және ауыл шаруашылығы жануарлары (қой, шошқа, сиыр, жылқы және т.б.) эхинококкоздың аралық иесі болып табылады.
Аурудың қоздырғышы - гельминт Echinococcus granulosus. Эхинококкоздың білінбеуі - оның ұзақ уақыт бойы симптомсыз 5 жылдан 20 жылға дейін немесе одан да көп уақытқа созылуы мүмкін екендігінде.
Алматы қаласында ағымдағы жылдың 11 айында эхинококкоздың 24 жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 6 жағдай, бұл науқастардың жалпы санының 25% құрайды.
Эхинококкозды жұқтыру жолдары
Адамдар жұқпаны ауырған жануарлармен (иттер, ірі қара және ұсақ мал, жабайы жыртқыштар) байланыс кезінде, жабайы жидектер мен шөптерді жинап жеген кезінде, гельминт жұмыртқасынмен ластанған бұлақтардың суын пайдалану кезінде, жабайы жануарлардың терісін сыдырған және өңдеу кезде жұқтырып алуы мүмкін. Иттер эхинококкоз ауруын құрт өсінділерімен зақымданған жануарлардың ішкі мүшелерін жегенде жұқтырып алады.
Аурудың берілу факторлары - лас қолдар, кейде көкөністер, жемістер, шөптер. Эхинококкозды жұқтыру қаупі жоғары топқа ауыл тұрғындары, аңшылар, иттермен байланыста болған адамдар және балалар жатады.
Эхинококкозбен зақымдану үй ауласында серуендеу кезінде ауру иттердің жүндеріндегі эхинококкок құртарын жұқтырып алған сау иттер арқылы болатынын да әрқашан есте ұстаған жөн. Жеке бас гигиенасы ережесін сақтамаудан паразит жұмыртқасы тағаммен немесе сумен ішке өтеді. Бала итпен немесе эхинококкоз қоздырғыштерымен ластанған ойыншықтармен ойнаған кезде, осы паразиттің жұмыртқасы аузына түсуі мүмкін. Егерде бір бөлмеде итпен бірге мысық болса, оның жүні де гельминт жұмыртқасымен зақымдануы мүмкін.
Эхинококкоздың белгілері
Аурудың белгілері таспа құрттың орналасуына байланысты болады. Бауырды зақымдаған кезде сарғаю пайда болуы мүмкін, оң жақ қабырғаның астында ауырлық сезімі, бауырдың ұлғаюы, оң қол мен арқаға берілетін ауырсыну байқалады. Паразит өкпеде болған кезде ентігу, қан түкіру, кеуденің ауырсынуы, жөтел пайда болады.
Эхинококкоз диагнозы зертханалық және аспаптық зерттеу әдістерін (ультродыбыстық зерттеу, рентгенография, компьютерлік томография) қолдану арқылы анықталады. Эхинококкозды емдеу тек хирургиялық әдіспен жүзеге асырылады. Емдеуден кейін эхинококкозбен ауыратын науқастар диспансерлік есепте тұруы керек.
Эхинококкоздың алдын алу шаралары
Эхинококкоз ауруының алдын алу мақсатында ветеринариялық қызмет, ет комбинатының, мал соятын орындардың жұмысшылары, аңшылар, мал шаруашылығымен айналысатындар, ит асыраушылар және олардың жанұяларының мүшелері жыл сайын эхинококкозға тексеріліп тұрулары қажет.
Эхинококкоздың алдын алу мақсатында оңтүстік мегаполистің эпидемиологтары келесіні ұсынады:
- жеке гигиена ережелерін сақтау: иттермен және кез келген басқа жануарлармен байланыста болған сайын немесе бақшада жұмыс істегеннен, аулада ойнағаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу;
- балалардың бұралқы иттермен ойнауына жол бермеу;
- ашық су қоймаларынан су ішпеу;
- тағамға қолданылатын көкөністер мен шөптерді, жидектерді жақсылап жуу;
- үй иттерін дегельминтизациялауды жүргізу.
(фото ашық дереккөздерден алынды)