Жіті ішек инфекциясы (ЖІИ) - фекальді-оральды механизммен берілетін, жүрек айнуымен, құсумен, іштің өтуімен, дене қызуының көтерілуімен сипатталатын инфекциялар тобы. Инфекция көбінесе залалданған тамақ өнімдері мен олардан дайындалған тағамдар, жартылай фабрикаттар, су, сондай-ақ көкөністер мен жемістер арқылы түседі. Осы инфекциялардың таралуына азық-түлік өнімдерін сақтау мен сатудың қажетті шарттары жоқ стихиялық сауда маңызды рөл атқарады. Азық-түлік кәсіпорындарында, әсіресе ет және сүт өнеркәсібінде, тамақтану кәсіпорындарында тиісті санитариялық-гигиеналық режимді сақтау үлкен маңызға ие.
Ағымдағы жылдың 11 айында Алматы қаласында 100 мың тұрғынға шаққанда нақтыланған ЖІИ сырқаттанушылық көрсеткіші – 14,63 құрады. 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық 30,92 %-ға төмендегені байқалады. Нақтыланған ЖІИ-мен ауыратындардың жалпы санынан 14 жасқа дейінгі балалардың үлес салмағы 78,3 %-ды құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,7 есе төмен.
Әлеуметтік-кәсіби топтар бойынша ЖІИ-мен сырқаттанушылықтың ең көп үлес салмағы ұйымдастырылмаған балаларға – 73,2 % тиесілі, жұмыссыздар – 11,5%, жұмысшылар мен қызметшілер - 4,8%, студенттер – 3,2%, оқушылар – 2,5%, ұйымдастырылған балалар – 2,5%, зейнеткерлер – 1,9%.
ЖІИ-мен ауырғандардың арасында 2 жасқа дейінгі балалар жиі кездеседі, олардың үлесі 64,2 %-ды құрады, негізгі себептеріне балалардың күтімі кезінде аналардың жеке гигиенаны сақтамауы, дайындау технологиясы мен сақтау ережелерін бұза отырып, үйде дайындалған өнімдерді, сондай-ақ жуылмаған көкөністер мен жемістерді пайдалану жатады.
Ішек жұқпаларының алдын алу үшін жеке гигиенаны сақтау керек, атап айтқанда тамақтанар алдында қолды сабынмен жуу керек. Сонымен қатар, ет тағамдарын, құс еті мен жұмыртқаны дайындаудың температуралық режимін сақтау қажет; жемістерді, көкөністерді мұқият жуу; тез бұзылатын өнімдерді сақтау мерзімдерін ескере отырып пайдалану; сүт өнімдерін дүкендерден сатып алу қажет. 2 жасқа дейінгі балалар арасында аурулардың алдын алуға ерекше назар аудару қажет, бұл ретте балаларды, әсіресе өмірінің бірінші жылында күту және тамақтандыру бойынша дәрігерлердің ұсынымдарын мүлтіксіз орындау маңызды.
Осы ережелер мен ұсыныстардың барлығын сақтай отырып, жедел ішек инфекцияларынан қорғануға болады.
Жіті ішек инфекциясының белгілері пайда болған жағдайда өзін-өзі емдеуге болмайтынын, дер кезінде медициналық көмекке жүгіну керектігін еске саламыз!
(фото ашық дереккөздерден алынды)