Туляремия – дененің жоғары температурасымен, әлсіздікпен, бубондық лимфаденит және әртүрлі органдардың зақымдануымен сипатталатын жедел инфекциялық табиғи ошақты ауру. Аурудың қоздырғышы - туляремия бактериясы. Кез келген жастағы адам бұл індетпен ауруы мүмкін. Табиғатта аурудың көзі - жабайы кеміргіштер мен қояндар, ал өзіне тән тасымалдаушылар - буынаяқты қансорғыштар- иксодтық кенелер болып табылады.
Инкубациялық кезең 3 аптаға созылады. Көп жағдайда 3-тен 7-күнге дейін жалғасады. Кене шаққан әрбір адам тұрғылықты жері бойынша емдеу мекемесіне тез арада қаралып, 21 күн ішінде диспансерлік бақылауда болуы қажет. Медициналық бақылау туляремия ауруына науқастарды ерте анықтау мақсатында жүргізіледі.
Туляремия ауруының алдын алудың негізгі шараларының бірі -адамдардың кене шағудан сақтануы және кеміргіштерді жою болып табылады. Өз бетімен емделмеген жөн, бұл өмір үшін қауіпті. Егерде сізді кене шағып, жағдайыңыз нашарлағанын сезінсеңіз, дереу дәрігерге қаралыңыз.Туляремияның энзоотиялық аудандарында далалық жағдайда жұмыс істеуге баратын адамдарға (геологтар, мұнайшылар, аңшылар және т.б.) туляремияға қарсы екпе алу міндетті. Қазіргі уақытта туляремияның алдын алудың негізгі әдісі, ол – вакцинация.
(фото ашық дереккөздерден алынды)