Атырау облысында туберкулездің алдын алу

Атырау облысында туберкулездің алдын алу

Бүгінгі күні  Атырау облысында туберкулез ауруының  эпидемиологиялық жағдайы тұрақты. 

Атырау облысы бойынша 2022 жылдың 10 айында  туберкулезбен жаңадан 337 науқас тіркеліп, 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 жағдайға азайған (340 жағдай).

Туберкулез – адам  ағзасына туберкулез таяқшаларының енуінен пайда болатын инфекциялық жұқпалы ауру. Туберкулездің жұқпалы түрі науқас адамнан сау адамға  жөтелгенде, сөйлегенде, түшкіргенде беріледі. Туберкулез таяқшалары ағзаға ауа-тамшы жолымен енеді.

Туберкулез ауруы басталғанда келесі белгілер байқалады: жөтел, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, кеуде тұстың ауруы, тәбеттің, салмақтың, жұмысқа деген қабілеттің төмендеуі. Онан әрі бұл белгілердің бәрі үдей түсіп, науқастың қан түкіруіне әкелуі мүмкін.

Туберкулез емделеді, алайда бұл ауруды өздігінен емдеп жазу мүмкін емес. Аурудың белгілері пайда болған кезде тез арада  медициналық көмекке жүгінген жөн.

Туберкулез ауруынан өзімізді қалай қорғаймыз?

- жөтелгенде және түшкіргенде ауызды орамалмен жауып, соңынан оны міндетті түрде жою;

- туберкулезбен науқастар қақырығы әбден туберкулез таяқшаларынан тазарғанша жасөспірімдер мен балалармен қарым-қатынаста болмауы керек немесе бетперде қолданып қана сөйлесуге болады және  кездесуді шектеу керек;

- науқас жататын бөлмені жиі-жиі желдетіп тұру қажет.

Осы шаралар науқастың отбасы мүшелерін, әсіресе балаларды, сондай-ақ туысқандарын, жұмыстастарын және қоғамның басқа мүшелерін туберкулезді жұқтыру мен сырқаттанудан қорғайды.

(Фото ашық дереккөздерден алынды)