Медициналық көмек көрсетумен байланысты инфекциялардың алдын алу

Медициналық көмек көрсетумен байланысты инфекциялардың алдын алу

Нәрестелердің іріңді-септикалық инфекциялары (ІСИ) – бұл жаңа туған нәрестелерде алғашқы 30 тәулік ішінде пайда болатын және тиісті клиникалық белгілермен сипатталатын инфекциялық қабыну аурулары.

Нәрестелердің ІСИ-нің көп таралған негізгі нозологиялық түрлеріне мыналар жатады:

  1. Тыныс алу жолдарының инфекциялары (ауруханаішілік және жатырішілік пневмониялар);
  2. Тері және жұмсақ ұлпалар инфекциялары (маститтер, везикулопустулездер, омфалиттер);
  3. Көз және көзжас қабының инфекциялары (конъюнктивиттер, дакриоциститтер);
  4. Сүйек пен буын инфекциялары (остеомиелиттер);
  5. Таралу түрі (сепсистер).

Ұрықтың жатырішілік инфекциясы анасында созылмалы инфекциялар (кариес, тонзиллит), сондай-ақ несеп-жыныс жүйесінің инфекциялық-қабыну аурулары (кольпит, пиелонефрит және т. б.) болған жағдайда туындауы мүмкін.

Нәрестелер арасында ІСИ-дің пайда болуына ананың бала күтімі қағидаларын сақтамауы әсер етуі мүмкін.

2022 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысында нәрестелер арасында жатырішілік инфекциялармен сырқаттанушылық көрсеткіші 2,6-ны (33 жағдайды) құрады, оның ішінде туа біткен везикулопустулез - 19, сепсис – 10, жатырішілік пневмония – 1, конъюнктивит – 1, дакриоцистит – 2.

Нәрестелердің ІСИ-нің алдын алу үшін мыналар ұсынылады:

- жүктілікті жоспарлау, созылмалы инфекция ошақтарын сауықтыру;

- жүкті әйелдерді уақтылы есепке алу және урогенитальды инфекцияларды емдеу;

- аналардың перзентханада және үйде нәрестелерге күтім жасау қағидаларын сақтауы;

- үй-жайды жиі ылғалды жинау;

- нәрестелердің бетіне немесе денесіне жанаспай тұрып қол гигиенасын қатаң сақтау;

- науқаспен және инфекция тасымалдаушымен байланыста болмау.

(Фото ашық дереккөздерден алынды)