
Бүйрек синдромды геморрагиялық қызба (БСГҚ) – интоксикациямен, қызбамен, геморрагиялық синдроммен және бүйректің зақымдануымен сипатталатын табиғи ошақты ауру. Қоздырғыштың айналымы адамның араласуынсыз, тышқан тәрізді кеміргіштер арасында үнемі табиғатта жүреді.
Батыс Қазақстан облысында БСГҚ жағдайлары 2000 жылдан бері тіркеле бастады. Соңғы жылдары аурушаңдық күзгі-қысқы кезеңде Бөрлі, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласында тіркелді. 2019 жылы – 2 жағдай, 2020 жылы 1 жағдай анықталды.
2022 жылдың 10 айында облыста БСГҚ-мен сырқаттанушылықтың бірде бір жағдайы тіркелген жоқ.
Табиғатта ауру көзі және вирустың резервуары тышқан тәріздес кеміргіштер (жирен тоқал тіс, далалық тышқан, сұр және қара егеуқұйрықтар мен сұр тышқандардың әр түрі) болып табылады.
Ауру кеміргіштерден адамдарға ауа-шаң арқылы (шөп, бидай, ағаш дайындау, аңшылық, балық аулау, жеміс-жидек немесе саңырауқұлақ теру кезінде кеміргіштердің ауаға тараған бөлінділерін шаң арқылы жұту); тағам және алиментарлық жолмен (тамақтану кезінде лас қолдарымен кеміргіштердің бөлінділерімен зақымдалған тағамдарды қолдану), қарым-қатынас (ауру жануарлармен тікелей байланыста болған кезде, тістелу, кеміргіштерді бөлшектеу, ашық жарақаттарға бөлінділердің түсуі) арқылы жұғады.
Инкубациялық кезеңі 7 күннен 46 күнге дейін, жиірек 21-25 күнге дейін созылады.
Ең басты симптомдары – жедел басталып, дене қызуының 39-400С-қа дейін көтерілуі, қалтырау, бас ауруы, бет пен терінің кілегей қабықтарының қызаруы. 3-4 күннен соң дене қызуының төмендеп, бел, іш аймағында ауырсыну, денеде бөртпе, бүйректің зақымдалу (зәр мөлшерінің азаюы) белгілері байқалады.
БСГҚ-ға қарсы арнайы алдын алу шарасы жоқ.
Облысымызда Орал обаға қарсы станциясының мамандары қоздырғыштың айналымын бақылау және БСГҚ бойынша эпизоотологиялық жағдайды бағалау бойынша мониторинг жүргізеді. 2022 жылдың ағымдағы кезеңінде эпизоотологиялық тексерумен облыстың 13 әкімшілік аумағы қамтылды. Барлығы 2029 ұсақ сүтқоректі зерттелді, олардың ішінде Бәйтерек ауданында 4 жирен тоқал тістен оң нәтиже анықталды.
Алдын алу шараларының бірі – дератизациялық іс-шараларды жүргізу болып табылады. Ағымдағы жылдың қазан айында бүйрек синдромды геморрагиялық қызба бойынша қолайсыз елді мекендерде 11,7 ш.ш. алаңда тосқауыл дератизациясы жүргізілді. Өңдеу тиімділігі - 93,4% құрады.
(Фото ашық дереккөздерден алынды)