
Медициналық қызметкерлер арасында вирустық гепатиттерді жұқтыру, адамдар пациенттің биоматериалымен жиі байланыста болған кезде, үлкен кәсіби қауіпке айналады. Вирус көбінесе ағзаға, науқастың дене сұйықтықтарының (қан, сарысу, ликвор және басқа заттар) тері мен шырышты қабыққа жұғуы арқылы енеді. Медицина қызметкері медициналық манипуляциялар кезінде жарақат алған кезде (кесу, инъекция, сүйектің ұсақ сынықтарымен терінің зақымдануы) ауырып қалуы мүмкін.
В және С гепатиті вирустарымен инфекция, АИТВ-ға қарағанда, сыртқы ортада вирустың жоғары төзімділігіне байланысты жиі кездеседі. Қауіпсіздік ережелері бұзылған немесе төтенше жағдайлар туындаған кезде вакцинацияланбаған ауруханалар мен емханалардың қызметкерлерін кәсіби жұқтыру қаупі жоғары.
Вирустық В гепатитін жұқтыруға қарсы негізгі қалқан - медицина қызметкерлері арасында В гепатитіне қарсы вакцинопрофилактика. Бұдан басқа, басқа да шаралар бар: еңбек жағдайларын жақсарту, қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша тұрақты нұсқау беру, науқастармен, биоматериалдармен және тері зақымданған медицина қызметкерлерінің құралдарымен байланысын шектеу, жұмыс орындарын дезинфекциялау құралдарымен тұрақты қамтамасыз ету. Алдын алу шараларына биоматериалды, құралдарды кәдеге жарату мен өңдеудің дұрыстығын бақылау, медициналық ұйымдарды жеке қорғану құралдарының жеткілікті көлемімен қамтамасыз ету, қызметкерлерді гепатит вирусына антиденелердің бар – жоғына тексеру, бір реттік медициналық құралдарды сатып алу да жатады. Алайда, медициналық ұйымдар қызметкерлерінің инфекция проблемасына немқұрайлы қарауы әлі де үлкен проблема болып табылады.
Кәсіби инфекция қаупіне көбінесе қанмен және оның компоненттерімен байланыста болатын қызметкерлер – гематологиялық, реанимация, стоматология, гинекология, хирургия және гемодиализ бөлімшелерінің қызметкерлері, процедуралық кабинеттер, зертханашылар, сондай-ақ қан, оның компоненттері мен препараттарын дайындау бойынша өндірісте жұмыс істейтін адамдар жатады. Адам қанының және биологиялық материалының гепатит вирустарын, АИТВ инфекцияларын ықтимал жұқтыруын ескере отырып, алдын алу қағидалары барлық медициналық ұйымдарға қатысты болады. Оларды сақтау теріге және шырышты қабаттарға жұғуды мүмкіндігінше болдырмауға негізделеді.
Парентеральды инфекциялардың алдын алудың спецификалық емес шаралары да бар:
- денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің пациенттерден эпидемиологиялық анамнезді мұқият жинауы;
- инвазивті араласу және инъекция кезінде бір реттік құралдар мен көмекші құралдарды пайдалануды бақылау;
- медициналық ұйымдардың медқызметкерлерінде гепатит вирусына антиденелердің болуын тұрақты бақылау;
- медициналық құралдарды зарарсыздандыру (бір реттік медициналық құралдарды қолдану) және беттер мен материалдарды дезинфекциялау, әр пациентпен байланыста болғаннан кейін бір реттік қолғаптарды ауыстыру;
- қорғаныш көзілдірік пен ылғалға төзімді медициналық халатты қолдану;
- бір рет қолданылатын өткір медициналық құралдарды қолданғаннан кейін бірден кәдеге жарату;
- биоматериалды арнайы контейнерлерде тасымалдау.
Өкінішке орай, С гепатитін алдын-алудың тиімді шаралары әлі табылған жоқ. Медициналық ұйымдардың қызметкерлерін алдын алу шараларын мұқият сақтау, ұқыптылық және өз жұмысын жауапкершілікпен орындау ғана инфекцияны жұқтырудан қорғай алады.
(Фото ашық дереккөздерден алынды)