Суға және санитарияға тең қол жеткізу: адамның су мен санитарияға деген құқықтарын практикада іске асыру

Суға және санитарияға тең қол жеткізу: адамның су мен санитарияға деген құқықтарын практикада іске асыру

Бүгін Женева қаласында (Швейцария) Трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы конвенцияға Су және денсаулық мәселелері жөніндегі Хаттама тараптары Кеңесінің VI сессиясы шеңберінде ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Н. Сәдуақасов «Суға және санитарияға тең қол жеткізу: адамның су мен санитарияға деген құқықтарын практикада іске асыру» жобасы бойынша пікірталасқа қатысты.  

Қауіпсіз ауыз су мен санитарияға қол жеткізу адамның негізгі құқықтарының бірі болып табылады, сондықтан әр мемлекеттің құқықтық міндеттемесі болып табылады.

Қазақстан халықаралық құқық нормаларын ұстанатын ел ретінде өз азаматтарының қауіпсіз сапалы ауыз суға және тиісті санитарияға қол жеткізу құқығын іске асыруға бағытталған.  

Осыған байланысты Қазақстандағы Су және денсаулық мәселелері жөніндегі хаттаманың құралдары мен практикалық нұсқаулықтарын зерделеу және қолдану өте маңызды болып көрінеді. Хаттама көптеген жылдар бойы елдерге сумен жабдықтау және санитария қызметтеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз етуде қолдау көрсетіп келеді және осы салада елеулі прогреске қол жеткізуге жәрдемдеседі.

«Осы жобаға қатысу Қазақстанға суға және санитарияға тең қолжетімділікті дербес бағалауды жүзеге асыруға ғана емес, сонымен қатар осы саладағы жағдайды жақсарту үшін қажетті басым шараларды айқындауға мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Ол бізге басқа елдердің тәжірибесін зерделеуге және республикада Хаттама қағидаттарын енгізуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Комитет басшысы.