Мектеп оқушыларының тамақтануы

Мектеп оқушыларының тамақтануы

Рационалды тамақтану - физиологиялық және жас ерекшеліктерін ескере отырып теңдестірілген тамақтану, балалардың қалыпты физикалық және психикалық дамуын қамтамасыз етудің негізгі құралдарының бірі. Бұл олардың ауруға төзімділігі мен оқу үлгерімін арттырады.

Отбасында ғана балаға салауатты өмір салтының негіздері беріліп, тамақтану мәдениеті қалыптасады, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау тәрбиеленеді.

Соңғы кезде балалар мен жасөспірімдер жылдам дайындалатын тағамдарды көбірек тұтына бастады, бұл өскелең ұрпақтың денсаулық жағдайына кері әсерін тигізуде.

Ыстық тамақ ішетін оқушылардың аз шаршап, мектеп жүктемесін оңай көтере алатындығы ғылыми тұрғыдан дәлелденген.

Дұрыс бөлінбеген жүктемелер, теңгерімсіз тамақтану денсаулықтың нашарлауы мен бұрыннан келе жатқан созылмалы аурулардың асқынуына әкелуі мүмкін.

Сырқаттанушылыққа жүргізілген талдау көрсеткендей, салыстырмалы түрде сау балалар саны азайып, созылмалы патологиясы бар балалардың саны артқан. Көбінесе асқазан-ішек жолдары мен зат алмасу аурулары жиі кездеседі.

Сондай-ақ, тамақтану режимін сақтау, ең алдымен, ас қорыту жүйесі ауруларының алдын алады.

Шығыс Қазақстан облысындағы 339 мектептің 89%-да оқушылардың ыстық тамағы, 6%-да буфеттік тамақтану ұйымдастырылған. Ыстық тамақпен оқушылардың 99%-ы қамтылса, оның ішінде тегін ыстық тамақпен 18%-ы қамтылған.

Үй-жайлардың болмауына және санитариялық қағидалар талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты 5% шағын жинақталған ауылдық мектептерде оқушылардың тамақтануы ұйымдастырылмаған.

Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық қағидаларға сәйкес мектептерде тамақтануды ұйымдастырудың жай-күйін жүйелі бақылауды медицина қызметкерлері жүзеге асырады, тамақтану сапасын мерзімдік бағалауды бракераж комиссиясы жүргізеді. Әрбір пайдаланылатын өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаты болуы тиіс.

Оқушылар мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өндірістік бақылау бағдарламасы, оның ішінде сатылатын дайын өнімдердің сапасын зертханалық бақылау бөлігінде орындалады.

Санитариялық қызмет мамандары мектеп асханаларының қызметкерлері үшін рационалды тамақтануды ұйымдастыру, тамақтан улану мен жұқпалы аурулардың алдын алу негіздері жөнінде оқыту семинарларын өткізуге көп көңіл бөледі. Мәселен, өткен кезеңде 19 семинар өткізілді.

Өткізілген жұмыстардың нәтижесінде, санитариялық-гигиеналық мониторинг шеңберінде жүргізілген зертханалық зерттеулердің талдауы негізінде облыс мектептерінде микробиологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштері бойынша өнім сапасы тұрақты болып қалуда.

Тек дұрыс, рационалды, профилактикалық, сауықтыру тағамдары ғана сіздің және балаларыңыздың денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді.

(Фото ашық дереккөздерден алынды)