«Қазақстанның Хаттамаға қосылуы ел халқының денсаулығын қорғауды жақсартады» - Н. Сәдуақасов

«Қазақстанның Хаттамаға қосылуы ел халқының денсаулығын қорғауды жақсартады» - Н. Сәдуақасов

16 қарашада Женева қаласында (Швейцария) Трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы конвенцияға Су және денсаулық мәселелері жөніндегі Хаттама Тараптары Кеңесінің VI сессиясы шеңберінде ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Н.Сәдуақасов «Хаттаманы ратификациялау мәселесінің жағдайы және өкілеттіктерді тексеру туралы баяндама» жобасының жұмысында сөз сөйледі.

Комитет басшысы өз сөзінде халықты ауыз сумен қамтамасыз ету және тиісті санитарияға қол жеткізу мәселелері және халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша Қазақстан Үкіметі қабылдап жатқан шаралар туралы айтты.

Қазақстанның Су және денсаулық мәселелері жөніндегі хаттамаға қосылуы өте өзекті болып табылады. Ел Үкіметі хаттаманы ратификациялау бойынша мемлекетішілік рәсімдерді жүргізу туралы шешім қабылдады.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі осы бағытта белсенді жұмыс жүргізуде, қажетті қорытындылар мен келісімдердің басым бөлігі алынды. Ратификациялау туралы заң жобасын келесі жылдың басында Қазақстан Парламентінің қарауына енгізу және бірінші жартыжылдықта қосылу рәсімін аяқтау жоспарлануда.

Сөз соңында Н. Сәдуақасов: «Қазақстанның хаттамаға қосылуы су ресурстарын басқару мен ел халқының денсаулығын қорғауды жақсартудағы, сондай-ақ орнықты даму мақсаттарына қол жеткізудегі маңызды қадам болатынына сенімдіміз», - деп атап өтті.