Орталық Азия елдері «Бірыңғай денсаулық» өңірлік негіздемелік бағдарламасын талқылады

Орталық Азия елдері «Бірыңғай денсаулық» өңірлік негіздемелік бағдарламасын талқылады

2022 жылғы 14 қарашада Алматыда Орталық Азиядағы азық-түлік жүйелерін қорғау және алдағы пандемияның алдын алу үшін «Бірыңғай денсаулық» өңірлік негіздемелік бағдарламасын талқылау бойынша Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан өкілдерінің кездесуі өтті. Аталған кеңестің жұмысына Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Марал Рақымжанова қатысты. 

Орталық Азиядағы «Бірыңғай денсаулық» іс-қимылының негіздемелік бағдарламасы зооноздық аурулар, микробқа қарсы препараттарға төзімділік және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы проблемаларды шешу үшін өңірлік ынтымақтастықтағы ортақ мақсаттарды, бағытты және үйлестіру тетіктерін айқындайды.

Сондай-ақ, бағдарлама Орталық Азия елдеріне ортақ жоғары деңгейдегі үш мақсатқа: 1) пандемияның алдын алуға, 2) азық-түлік жүйелерінің тұрақтылығына, 3) өңірлік ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы мен бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуге ықпал ететін болады.

Кездесу нәтижесінде елдер Орталық Азиядағы «Бірыңғай денсаулық» іс-қимылдарының негіздемелік бағдарламасын әзірлеу, ұлттық және өңірлік іс-шараларды іске асыру үшін «Бірыңғай денсаулықты» басқарудың тиісті құрылымдарын құру және ресурстарды жұмылдыру, деректермен алмасу бойынша бірлескен жұмыстар жүргізу жөнінде шешім қабылдады.