Қызылорда облысында оба бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты

Қызылорда облысында оба бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты

Қызылорда облысы бойынша оба ауруының эпидемиологиялық ахуалы тұрақты деп бағаланады. Соңғы рет бұл ауру аймақта 2003 жылы Арал ауданында тіркелді.

Оба мен басқа да аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу және табиғи ортада эпизоотиялық бақылау жүргізу мақсатында жыл сайын және обаға қарсы және эпидемияға қарсы іс-шаралар кешені өткізіледі, оның ішінде кеміргіштер мен бүргелер оба эпизоотиясының бар-жоқтығына тексеріледі. Бұл іс-шара қауіпті аумақты дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

Облыс бойынша оба қоздырғыштарын анықтау мақсатында ағымдағы жылдың 9 айында 115,600 шаршы шақырым жерге барлау жұмыстары жүргізілді. Аурудың алдын алу және табиғи ортада эпизоотиялық бақылау жұмыстары М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті және карантинді инфекциялар ғылыми орталығының жергілікті Арал теңізі және Қызылорда обаға қарсы  күресу станциялары филиалдары мамандарымен жүргізілді. Облыс көлемінде табиғи қоршаған ортаның 115,6 мың ш.ш. жер аумағы эпизоотиялық зерттеуден өткізілді.

146 елді мекен тексерілді. Кеміргіштердің мекендеуіне 331,82 мың ш.м. жер көлемі, эктопаразиттердің мекендеуіне 133,82 мың ш.м. жер көлемі зерттелді. Елді мекендер бойынша кеміргіштерге қарсы 234,8 мың ш.м. жер көлеміне кенттік дератизациялау жұмыстары және эктопаразиттерге қарсы 693,4 мың ш.м. жер көлеміне кенттік дезинсекциялық жұмыстар жүргізілді. Жыл көлемінде 4 стационарлық, 9 көшпелі зертхана жұмыс жасады. Жыл басынан бері  адамдар мен үй жануарлары арасында аса қауіпті оба ауруына күдікті жағдайлар анықталған жоқ.

Обаға қарсы тиімді шаралардың бірі ол – вакцинация. 2022 жылдың 9 айында ауруға қарсы егілуге тиісті контингенттердің арасынан барлығы 22 979 адам екпе алды.

Оба ауруы аса қауіпті карантинді жұқпалы аурулар қатарына жатады. Ауруды таратушылар көзі  – дала  кеміргіштері, қояндар,  түлкі, үй  тышқандары, үй  жануарлары (түйе, ит, мысық) болып табылады.

Оба  ауруы  бүргелер  шағу  арқылы, кенелерді  жалаң  қолмен  езгенде, обамен ауырған малдарды, жабайы жануарлар мен дала тышқандарын  сойғанда, обамен ауырған адамның пайдаланған   заттарын ұстағанда жұғады.  Ауырған  малдың  етін, сүтін  асқа  пайдалану да берілудің бір жолы.

Оба   ауруының  алдын алу  үшін  тәуекел тобындағы адамдарға уақытылы екпе алуы қажет. Үйде  бүрге, тышқанның  болмауын  қадағалау керек, егер  пайда  болса  тез арада   тиісті мекемелермен келісім-шарт жасасып, жою жұмыстарын жүргізген дұрыс. Малдарға  кене,  бүрге  секілді  зиянды  жәндіктерге  қарсы  залалсыздандыру  жұмыстарын жүргізу, түйелерді обаға қарсы егу, үйдегі ит-мысықтардың бүргелеп кетпеуін қадағалау, балалардың олармен  ойнауын  шектеу, күдікті  тағамдарды  асқа  пайдаланбау керектігін еске саламыз.