
Соңғы уақытта тауық өнімдері (ет, жұмыртқа, құс еті бар дайын өнімдер) күнделікті рационымыздың айнымас құрамдас бөлігіне айналды. Өнімдер басқа етке қарағанда әлдеқайда арзан, құрамында біздің денсаулығымызға қажетті ақуыз бар, ал дайындау рецептері ең талғампаз гурманды қанағаттандырады.
Әсіресе тауық еті танымал - диеталық, оңай сіңетін ақуыз бен көптеген пайдалы заттар көзі. Шығыс Қазақстан облысы тұтынушыларын осы өнім түрімен бірден 6 құс фабрикасы қамтамасыз етеді: «Өскемен құс фабрикасы» АҚ, «Прииртыш бройлер құс фабрика» ЖШС, «Восток Бройлер» ЖШС, «Қызылжар-Құс» ЖШС, «Turkey PVL» ЖШС. Сондай-ақ, құс еті мен құс етінен жасалған дайын өнімдер жақын және алыс шетелдерден (Ресей, АҚШ, Украина, Бразилия) әкелінеді.
Алайда, бұл өнімнің танымалдылығына қарамастан, оның адам өмірі мен денсаулығы үшін қауіпті болуы мүмкін екенін ұмытпаңыз. Қауіп неде? Қарастырып көрейік.
Біріншіден, бұл, әрине, өнімде жіті ішек ауруын немесе тамақтан улануды тудыруы мүмкін қауіпті микроорганизмдердің болуы. Бройлер тауықтары етінің тағы бір қауіптілігі – гормондар, өндірушілер құсты тамақтандыру кезінде көптеп қолданады, бұл адамның гормоналды фонының бұзылуына әкеліп соғады. Құсты аурудың алдын-алу мен емдеуден кейін өнімде антибиотиктердің қалдық мөлшерінің болуы адамның белгілі бір препараттарға үйреніп кетуіне әкеледі, бұл кейіннен адам ауырған кезде антибиотиктермен емдеудің тиімділігін төмендетеді. Дисбактериоз, аллергиялық реакциялар, асқазан мен бауырға әсер етуі де антибиотиктерді негізсіз қолданудың кері әсері болып табылады.
Әрине, өндірілген тауық етінің бәрі бірдей қауіпті емес. Құстарды өсіру заңдары мен ережелерін сақтайтын лайықты өндірушілер де бар. Бұл ретте құс өнімдерін өндіруге және өткізуге қатысатын барлық субъектілерге санитариялық-эпидемиологиялық бақылау жүргізіледі. Мәселен, 2022 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ШҚО құс өнімдерінің 3 өндірушісі ерекше тәртіп бойынша тексерулермен қамтылды. Анықталған бұзушылықтар бойынша әкімшілік айыппұлдар түріндегі әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды (183 780 теңге сомасына 4 айыппұл) және бұзушылықтарды жою туралы 3 ұйғарым берілді.
ШҚО аумағында сатылатын барлық құс өнімдерінің қауіпсіздігі сауда желісінен сынамаларды бақылау арқылы өнім қауіпсіздігінің мониторингі шеңберінде тұрақты негізде бақылау жүргізіледі. 2022 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша сауда объектілерінде қазақстандық (68 сынама) және шетелдік өндірушілердің (55 сынама) құс өнімдерінің 123 сынамасы сатып алынды. Жүргізілген зерттеулердің нәтижелері бойынша техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін 21 өнім сынамасы анықталды.
Оның ішінде микробиологиялық көрсеткіштерге сәйкес келмейтін (3 сынама) немесе жарамдылық мерзімі өткен (2 сынама) өнімнің 5 сынамасы денсаулыққа қауіпті деп танылды. Өнімнің 15 сынамасы таңбалауға қойылатын талаптарға: тамақ өнімдерінің көлемін, санын, өндірілген күнін, жарамдылық мерзімін және тамақ өнімдерін сақтау шарттарын, дайындаушының, импорттаушының атауы мен орналасқан жерін көрсетпеу бөлігінде сәйкес келмейді. Сонымен қатар, микробиологиялық көрсеткіштер мен таңбалау бойынша бұзушылықтардан басқа, мұздатылған өнімде ерігеннен кейін ылғал мөлшерінің асып кетуі анықталды, бұл тұтынушыны тікелей алдау болып табылады.
Бұзушылықтарды жою мақсатында 24 ұйғарым беріліп, сатушылармен және өндірушілермен толық көлемде орындалды. Өндіріс объектісінде жоспардан тыс тексеру жүргізілді, оның нәтижелері бойынша бұзушылық анықталып, кінәлі тұлға ҚР ӘҚБтК 425-бабының 1-бөлігі бойынша 45 945 теңге сомасына әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жағымсыз салдарлардың алдын алу үшін ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұтынушыларға тексерілген өндірушілердің құс өнімдерін сатып алуды, өзіңізді және жақындарыңыздың денсаулығын сақтауды ұсынады.