Ағымдағы жылы Батыс Қазақстан облысында дирофиляриоздың 1 жағдайы тіркелді. Дирофиляриоз Орал қаласының тұрғынында анықталды.
Дирофиляриоз – бұрын тек зооспецификалық деп саналған гельминтоздардың бірі және соңғы уақытқа дейін бұл ауруға тек жануарлар, әсіресе иттер ғана сезімтал деген пікір болған. Бірақ соңғы жылдары адамдардың жұқтыру жағдайлары жиі тіркеле бастады.
Адамдардағы инфекцияны жұқтыру механизмі трансгемиялық, яғни жұқтыру қан арқылы жүреді. Ауру көбінесе масалардың, сирек бүргелердің, қан соратын жәндіктердің басқа түрлерінің шағуы арқылы беріледі. Жұқтыру көзі – үй жануарлары. Ең алдымен иттер, кейде мысықтар. Жануарлардың денесінде ересек дирофиляриялар жүректе, өкпеде, бронхтарда және ірі қан тамырларында паразиттік тіршілік етеді. Аналықтар қанға мөлшері микроскопиялық, ұзындығы 0,3 мм-ге дейінгі, мыңдаған микрофилярия дернәсілдерін шығарады. Олардың кішкентай болғаны соншалық, қан ағымы мен лимфа ағымы арқылы бүкіл денеге таралады.
Жануардың қанымен микрофилярия масаға түседі, яғни, жәндік инвазияланған жануарды тістеген кезде, дернәсілдер оның іш қуысына енеді, бірақ олардың бір бөлігі масаның тұмсығында қалады. Жәндік олжасын тістегенде – тұмсығындағы паразиттердің бір бөлігі шағылғанның қанына түседі. Осылайша дирофиляриоз жануардан жануарға және адамға беріледі.
Инкубациялық кезең 1 айдан бірнеше жылға дейін созылады, ол иммундық жүйеге және паразиттің даму жылдамдығына байланысты.
Дирофиляриозды барлық жастағы адамдар жұқтыруы мүмкін, дегенмен, жұқтыру қаупі төмендегі адамдарда жоғары:
- ит пен мысық өсірушілер;
- ашық су қоймалары жанында тұратын адамдар;
- табиғатқа жиі шығатын жандар: аңшылар, туристер, бағбандар, балықшылар.
Дирофиляриоз қоздырғышын жұқтырған адамдардың 10-40%-ы үшін типтік симптом – бұл тері астындағы түйіннің немесе паразиттің миграциясы. Гельминт бірнеше ондаған сантиметр қашықтықта жүре алады, ал оның қозғалыс жылдамдығы 1-2 күнде 30 см болуы мүмкін. Паразит қоныс аударған әрбір жаңа жерде түйін пайда болады, ал бұған дейін болған жерінде ол із-түзсіз жоғалады. Дирофиляриозға тән белгі – тері астындағы түйіннің, ісіктің ішінде тірі паразиттің жорғалау және қозғалу сезімі. Егер гельминт уақтылы жойылмаса, оның орналасқан жерінде абсцесс пайда болуы мүмкін.
Алдын алу шаралары репелленттерді, терезелерге арналған торларды, қорғаныс киімдерін пайдалану, үй жануарларын профилактикалық дегельминтизациялаудан тұрады.
"Күдікті" шағу, қатты қышу, шағуға тән емес ауырсыну сезімдері, түйін пайда болса, дереу дәрігерге қаралыңыз.