
2022 жылғы 26-28 қазан аралығында Алматы қаласында Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мамандары су, азық-түлік, химиялық қауіпсіздік және қоғамдық денсаулықты қорғау мәселелері бойынша 87 жобасы (PRECA) шеңберінде Орталық Азияда бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде денсаулыққа төнетін қауіп-қатерлерге дайындық және ден қою жөніндегі өңірлік жұмыс топтарының отырысына қатысты. Тренингті Халықаралық ғылыми-техникалық орталық Еуропалық Одақтың химиялық, биологиялық радиологиялық және ядролық тәуекелдерді төмендету жөніндегі озық тәжірибе орталығының (ХБРЯ) қолдауымен ұйымдастырды. Аталған отырысқа Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Пәкістан және Моңғолияның түрлі қызметтері мен ведомстволарының өкілдері қатысты.
Тренингтің негізгі мақсаты 4 бағыт бойынша – азық-түлік қауіпсіздігі, су қауіпсіздігі, химиялық инциденттер, денсаулық сақтауды басқару, бақылау және үйлестіру (С3), елдің қазіргі әлеуетін нығайту үшін бұқаралық
іс-шараларды өткізу кезінде денсаулыққа төнетін қауіп-қатерлерге дайындық және ден қою мәселелері бойынша өз елдерінде ұлттық тренингтер өткізу үшін шебер жаттықтырушыларды дайындау болып табылады.
Кездесу барысында жаппай қауіп-қатерлер бойынша нұсқаулықтарды әзірлеу қажеттілігі мәселелері талқыланды, әр елдің тәжірибесі тыңдалды, сондай-ақ ел өңірлерінен мамандарды оқыту мәселелері айтылды. Жоба аясындағы жұмыс жалғасатын болады.
Бұдан басқа, Комитет «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК-мен бірлесіп, кездесу шеңберінде Сыртқы істер министрлігінің, Алматы қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің және Ұлттық сараптама орталығының, Алматы қаласы Денсаулық сақтау және Білім басқармаларының, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының, Қазақстанның қоғамдық және мектептік тамақтандырудың тәуелсіз қауымдастықтарының, азық-түлік объектілерінің өкілдері үшін бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде тамақтан уланудың алдын алу бойынша алғашқы тренинг өткізді.
Тренинг барысында Еуропалық Одақ пен Қазақстанның тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы заңнамаларының негіздері, қауіпті факторларды талдау және тәуекелдерді бағалау негізінде тамақтан уланудың алдын алу, азық-түлік объектілерінде ХАССП жүйесінің үздік гигиеналық тәжірибелері мен қағидаттарын енгізу мәселелері қамтылды, сондай-ақ бұқаралық іс-шараны өткізу кезінде топтық тамақтан уланудың пайда болуын модельдеумен ситуациялық ойын өткізілді.
Халықаралық байқаушылар оқыту тренингін өткізудің жоғары деңгейін атап өтті. Қазақстанның жаттықтырушылары Орталық Азия елдерінде өтетін халықаралық оқыту тренингтеріне қатысуға шақырылды.