
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті балалар ойыншықтарының қауіпсіздігіне мемлекеттік бақылауды өнімнің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу шеңберінде, оны өткізу сатысында өнімді сатып алуды жүргізу және Кеден одағының «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің талаптарына сәйкестігіне сараптама жүргізу арқылы жүзеге асырады.
2022 жылдың 9 айында өнім қауіпсіздігінің мониторингі барысында республика бойынша 2244 ойыншық үлгісі іріктеліп, зерттелді, оның 1054-і техникалық регламент талаптарына сәйкес келмеді, бұл 47,0% құрады.
Бұзушылықтардың түрлері бойынша негізгі бөлігі таңбалау талаптарының бұзылуына – 98,1% тиесілі (органолептикалық көрсеткіштер бойынша – 3,1%, Қытай Халық Республикасы шығарған ойыншықтарда санитариялық-химиялық және токсикологиялық-гигиеналық көрсеткіштер бойынша – 2,0% (мынадай заттар: ксилол, бензол, фенол, гептан, формальдегид, этил ацетаты, стирол, метил спирті, изопропил спирті, изобутил спиртінің асып кетуі анықталған).
Анықталған бұзушылықтар фактілері бойынша оны жою тәртібі міндетті түрде түсіндіріле отырып, кәсіпкерлік субъектілеріне бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар берілді.
56,2 кг-дан астам сәйкес келмейтін ойыншықтар сатылымнан алынды.
Өнімнің қауіпсіздігі мониторингінің нәтижелерін талдау көрсеткендей, таңдалған ойыншықтардың 40,1%-ы техникалық регламент талаптарына сәйкестігін растаусыз сатылады, оның 7,0%-ы – Ресей Федерациясының өндірісі, 11,1%-ы – Өзбекстан Республикасының өндірісі және 81,9%-ы – Қытай Халық Республикасының өндірісі және басқа елдер.
Зертханалық зерттеулер негізінде үш ойыншық сертификатының қолданылуы тоқтатылды.
Құрметті азаматтар, ойыншық сатып алғанда келесі ұсынымдарды есте ұстау керек:
- тауарларды ұйымдасқан сауда орындарынан сатып алыңыз. Қаптамаға, затбелгіде таңбалаудың болуына назар аударыңыз (ойыншықтың атауы, оны өндіруші, жеткізуші, шикізат құрамы, жасына қарай бағытталуы, нұсқаулар мен ескертулер);
- ойыншықтың қай жасқа арналғанын ескеріңіз;
- ойыншықтың сапасы мен қауіпсіздігіне күмән туындаған кезде сатушыдан өнім туралы маңызды ақпарат көрсетілген өнім қауіпсіздігінің сәйкестік сертификатын сұрау қажет;
- техникалық регламенттің қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін ойыншықтар Кеден одағына мүше мемлекеттердің нарығында өнімнің айналымының бірыңғай белгісімен таңбалануы тиіс, бұл ойыншықты таңдауда да көмек болады.