
Облыс көлемінде 2022 жылдың 9 айында паразиттік ауру жұқтырудың 227 дерегі тіркелді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда аурушаңдық деңгейінің 60%-ға өскендігін көрсетеді, оның ішінде балалар арасындағы сырқаттанушылық көрсеткіштері 43%-ке артқан. Энтеробиоз ауруы – 47%-ке, лямблиоз – 2,2 есеге көбейді.
Паразитарлық ауруларға шалдығу деректерінің басым көпшілігі 14 жасқа дейінгі балалар үлесінде. Әсіресе, энтеробиоз, дерматомикоз және лямблиоз балалар арасында жиілеп тұр.
Жыл басынан бері эхинококкоз ауруының 18 жағдайы есепке алынды, оның 16%-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелді. Ауру ошақтарынан тиісті сынамалар алынды.
Дерматомикоз ауруының 216 жағдайы тіркелді, аурушандық өткен жылмен салыстырғанда 41,1%-ке, соның ішінде балалар арасында 35%-ке өскен. Ошақтарда індетке қарсы іс-шаралар жүргізілді.
Қышыма ауруының 35 жағдайы тіркеліп, салыстырмалы түрде сырқаттанушылық деңгейі 2 есеге өскен. Барлық тіркелген аурудың 71%-ін 14 жасқа дейінгі балалар құрап отыр.
Паразиттік аурулардың алдын алу үшін келесідей сақтық шараларын сақтау қажет:
* жеке гигиена ережелерін ұстану;
* қоғамдық тамақтану орындарында, асүйде санитариялық ережелерді орындау, өнімдердің пісіру технологиясы мен сақталу мерзімінің бұзылмауына назар аудару;
* азық-түлікті тек арнайы рұқсат құжаттары бар белгіленген сауда орындардан сатып алу;
* қайнатылған және құтыдағы суды пайдалану;
* барлық мал шаруашылығы азық-түліктерін, сүт және сүт өнімдерін, ет және ет өнімдерін қолданар алдында мұқият тазалап, термиялық өңдеуден өткізу;
* жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, үй-жайларды күн сайын ылғалды жинау;
* балалардың үй жануарларымен жақын қарым-қатынасын шектеу, жануарлармен жанасқаннан кейін қолды сабындап жуу;
* үй жануарларын уақытылы ветеринариялық тексеруден өткізу;
* төрт түлікті төлдету, қырқу, сою кезінде арнайы киім киіп, қолғаппен жұмыс жасау.
Аталған сақтық шаралары паразиттік және инфекциялық ауруларды жұқтырып алу қаупін төмендетеді.
Кез келген аурудан сақтанудың негізгі жолы олардың алдын алу шараларына салғырт қарамаудың маңызды екендігін ұмытпаңыз.