
Бүгінгі күні Алматы облысы бойынша тұмауға қарсы 123 078 адам иммундаумен қамтылды, бұл жергілікті бюджет есебінен жоспарға алынғандардың 57,7%, жалпы халықтың 8,1% құрайды. Оның ішінде: Балқаш ауданында – 3608 адам, Еңбекшіқазақ ауданында – 27 628, Жамбыл - 21 700, Іле – 20 525, Қарасай – 19 619, Кеген – 2234, Райымбек – 2585, Талғар – 12136, Ұйғыр ауданында – 5141 адам және Қонаев қаласында 7912 адам иммундық жүйе қалыптастыру мақсатында екпе салдырды.
Дүниежүзілік денсалық сақтау ұйымының ұсыныстарына сәйкес, тұмауға қарсы иммундау ауыр асқынулардың даму қаупі бар тұлғаларға тағайындалады.
Осыған орай, 12 058 медицина қызметкерлері, 2-3 триместр кезеңіндегі 3914 жүкті әйелдер, 85 993 созылмалы аурулармен ауыратын адамдар, сондай-ақ, жабық типтегі мекемелердегі (балалар үйлері, интернаттар, балалар мен мүгедектерге арналған интернаттар) 576 бала мен қарттар үйі мен мүгедектерге арналған мекемелердегі 853 адам тұмауға қарсы егілді.
Маусымдылық кезеңде тұмау сырқаттанушылығының таралуы және оның асқынуларын алдын алуда, тұмауға қарсы вакцинациялау маңызды. Бүгінгі күнге әлем елдерінің 59%-ы тұмауға қарсы вакцинацияны егу күнтізбесіне енгізіп отыр.
Ағымды маусымда облыс аумағында "Гриппол плюс" вакцинасы қолданылуда, вакцинаның 200 мыңнан астам дозасы сатып алынды және жалпы халықтың 14,2% вакцинациялауға жоспарланды. Вакцина 6 айдан асқан балаларда, жүкті әйелдерде, қарттарда, ересектерде және созылмалы соматикалық аурулармен жиі ауыратын балаларға тұмауды алдын алуға арналған. Вакцинациядан кейінгі қорғаныс әсері әдетте 8-12 күннен кейін пайда болады және 12 айға дейін сақталады.
Вакцинация - адам ауру қоздырғыштарымен байланыста болғанға дейін, аурулардан қорғанудың қарапайым, қауіпсіз және тиімді әдісі. Вакцинация бірқатар жұқпалы ауруларға қарсы тұру үшін дененің табиғи қорғаныс механизмдерін белсендіреді және иммундық жүйені күшейтеді.
Тұмауға қарсы иммундау – тұмаудан кейінгі ауыр асқынулардың алдын алуға, ауруханада емделу жиілігін төмендетуге, сондай – ақ, өлім – жітімді азайтуға ықпал ететіндігін ұмытпаңыз!