Құтырма ауруының алдың алу

Құтырма ауруының алдың алу

Ақтөбе облысында 2022 жылдың 9 айында құтырма бойынша эпидемиологиялық жағдай қолайлы, адамдар арасында құтырма ауруы тіркелген жоқ.

Ақтөбе облысында адамдардың құтырма ауруымен ауырған соңғы жағдайы 2017 жылы тіркелді (Ойыл ауданы).

Бірақ, облыстағы эпизоотиялық жағдайдың тұрақсыз екенін айта өткен жөн.

Құтырма – жылы қанды жануарлар мен адамдардың жүйке жүйесін зақымдайтын және  өліммен аяқталатын жедел вирусты жұқпалы ауру.

Ауру таратушылар – барлық жылы қанды жануарлар – жабайы ет қоректі аңдар (қасқыр, түлкі және т.б.), үй жануарлары (ит, мысық, сиыр, жылқы және т.б.) болып табылады.

Құтырма ауруының алдың алу мақсатында жыл сайын ауылшаруашылығы малдары мен ит, мысықтарды құтырмаға қарсы егу жүргізіледі. Сондай-ақ қаңғыбас ит, мысықтарды аулау жүргізіледі. Облыстық ветеринарлық қызмет мәліметі бойынша облыста құтырма ауруының алдын алу мақсатында 10122 ит, 185 мысық ауланған.

2022 жылдың 9 айында жануарлардың арасында құтырма ауруының 2 жағдайы тіркелді,  Алға ауданында 1 жылқы, Ойыл ауданында 1 ит. Осы қолайсыз пунктерде індетке қарсы, ветеринарлық-санитарлық іс-шаралар жүргізілді. Ошақта 107 бас ауылшаруашылық малдары  құтырмаға қарсы екпе жасалынып,  қорытынды залансыздыру жұмыстары жүргізілген.

2022 жылдың 9 айында  облыстың емдеу-профилактикалық мекемесіне жануарлардың тістеуінен, тырнауынан және сілекейленуінен зардап шеккен 1688 адам медициналық көмекке жүгінді. 2022 жылдың 9 айында халықтың антирабиялық көмекке жүгінуі 2021 жылдың ағымдық уақытымен  салыстырғанда 283 жағдайға өскен.       

1688 жарақаттанушының 1327-і иттерден, 339-ы мысықтардан, 7-і  жылқыдан, 3-і ірі қара малдан және 12-і басқа жануарлардан зардап шеккен.

Ауру басталып кетсе құтырмадан айығу мүмкін емес екенін, бірақ жалғыз құрал - уақтылы жүргізілген антирабиялық егу арқылы аурудың алдын алуға болатынын есте ұстаған жөн!

Кез-келген жануарлардың тістеуінен, тырнауынан, сілекейлеуінен зардап шеккен адам, тез арада сол жердегі дәрігерге көрінуі тиіс. Сырттай дені сау жануар тістеп немесе тырнап алған жағдайда да дәрігерге қаралу керек.

Алдын алу емдеуді тістегеннен кейін тез арада бастау қажет. Дәрігер тағайындаған емдеу курсын толық алу қажет, егуді үзуге болмайды. Екпелер ауыртпайды, әрі жеңіл түрде өтеді.