Қостанай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары тексеру барысында өндірістік объектілердің жұмыс орындарындағы, оның ішінде зертханалық зерттеу әдістерін пайдалана отырып, еңбек жағдайларын бақылауды жүзеге асырады.
Жыл басынан бері жұмыс орындарында 477 діріл, 225 - шу, 9 - электромагниттік өріс, 855 - микроклимат, 816 - жарық деңгейлері өлшенді. Оның ішінде 37 жарықтандыру өлшемінде (4,5%) және 8 шу өлшемінде (3,5%) гигиеналық нормативтерге сәйкессіздік анықталды.
Анықталған фактілер бойынша жауапты тұлғаларға әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды, бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді.
Еңбек жағдайлары зияндылық және (немесе) қауіптілік дәрежесі бойынша төрт сыныпқа бөлінеді - оңтайлы, рұқсат етілген, зиянды және қауіпті.
Өндірісте кәсіби аурудың пайда болу факторлары: микроклимат, жарықтың жеткіліксіздігі, жоғары ылғалдылық және ауа қозғалысының жылдамдығы, ауырлық пен еңбек қарқындылығы, зиянды химиялық заттар, шу, діріл, электромагниттік және радиоактивті сәулелену деңгейінің жоғарылауы болуы мүмкін.
Микроклимат параметрлері сәйкес келмеген жағдайда жұмысшының денесі терморегуляция процестерінің өзгеруіне ұшырайды. Егер жұмыс процесі жоғары температураның әсерімен байланысты болса, онда қызметкерде денесінің қызуы және жылу соққысы болуы мүмкін, ұзақ уақыт әсер ету тыныс алу органдарының, жүйке және жүрек-тамыр жүйелерінің ауруларына әкеледі. Төмен температурада жұмыс істегенде гипотермия дамиды, иммунитет төмендейді. Төмен жарықтандыру кезінде көру көзді шаршатады, өнімділік төмендейді.
Өндіріс жағдайында қатты шу жарақаттануға ықпал етуі және кәсіби есту қабілетінің жоғалуына әкелуі мүмкін.
Дірілдің адам ағзасына ұзақ уақыт әсер етуі діріл ауруының пайда болуына әкеледі. Электромагниттік сәулелену жүйке жүйесіне әсер етеді, бұл бүкіл ағзаның қызметіне әсер етеді.
Зиянды және қауіпті өндірістік факторлардан қорғау олардың көздегі деңгейін төмендетумен және профилактикалық және сақтандыру шараларын қолданумен қамтамасыз етіледі. Еңбекке қабілетті тұрғындардың денсаулығын сақтау үшін еңбек жағдайлары гигиеналық талаптар мен нормативтерге сәйкес келуі маңызды.