
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-275/2020 бұйрығымен бекітілген «Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына сәйкес – «Халықтың радиациялық қауіпсіздігі: осы санитариялық қағидалардың талаптарына сәйкес адамдардың тыныс-тіршілігі жағдайларын жасаумен, радиациялық бақылауды ұйымдастырумен, қалыпты жағдайларда және радиациялық апаттар жағдайында радиациялық қорғау жөніндегі іс-шараларды жоспарлау мен жүргізудің тиімділігімен және радиациялық жағдай туралы ақпарат жүйесін ұйымдастырумен қамтамасыз етіледі».
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының мамандары Жамбыл облысының аумағындағы радиациялық жағдайға тұрақты санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг шеңберінде радиологиялық зерттеулер жүргізеді. Оның нәтижесінде гигиеналық нормативтерден асып кету анықталмаған. Жамбыл облысында табиғи гамма-аясы 0,10-0,14 микрозиверт/сағ құрайды. Ғылыми зерттеулерге сәйкес, елді мекендердегі табиғи фон адам ағзасы үшін қауіпсіз.
Радиация балалар денесіне ересек адамның денесіне қарағанда бірнеше есе күшті әсер ететіндігі дәлелденген. Сәулелену деңгейінің жоғарылауымен баланың физикалық өсуі баяулайды және ақыл-ой қабілеттері төмендейді, қатерлі ісік пайда болу қаупі бар.
Ересектер мен балалар фондық радиацияның ең көп пайызын жердегі радиоактивті изотоптардың ыдырау өнімдерінен алады. Радон тыныс алу кезінде адам ағзасына газ түрінде енеді. Ыдырау процесі ғимарат құрылысында қолданылатын бірқатар материалдарда да байқалуы мүмкін. Егер бөлме (әсіресе бірінші қабаттар мен жертөлелер) нашар желдетілсе, бұл радонның жиналуына әкелуі мүмкін және адам ағзасы радиоактивті фонның шамадан тыс әсеріне ұшырайды.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің тапсырмасын орындау шеңберінде Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары радиациялық қауіпті объектілерден, тау-кен өндіру өнеркәсібі объектілерінен, қараусыз қалған шахталардан жақын қашықтықта орналасқан білім беру объектілерінің тізбесін айқындады. "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК Жамбыл облысы бойынша филиалының мамандары жалпы білім беретін мектептер мен балабақшалар ғимараттарындағы радонды және оның еншілес өнімдерін, сонымен қатар ауа алмасу жиілігі өлшеулерін жүргізді. Жалпы, 194 радиологиялық зерттеулер мен бөлмедегі ауа алмасу жиілігіне 388 өлшеулер жүргізілді. Гигиеналық нормативтерден асып кету анықталған жоқ.
Біздің облыс аумағында радиациялық қауіпсіздікті бақылау бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының жұмысы жалғасатын болады.