Шымкентте техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін 2 тоннадан астам тамақ өнімдері тәркіленді

Шымкентте техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін 2 тоннадан астам тамақ өнімдері тәркіленді

Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өнім қауіпсіздігі мониторингі шеңберінде сауда нысандарынан 2022 жылдың 9 айында барлығы 2228 өнім сынамасын сатып алып, зерттеді (1347 - тамақ өнімі және 881 - тамақ емес өнімдер). Соның ішінде, отандық өнім өндірушілердің өнімдері - 342 сынама (15,35%), Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өнімдері – 1446 сынама (64,9%), басқа мемлекеттердің өнімдері - 440 сынама (19,75%).

Сараптама нәтижелері бойынша 53 өнім сынамасы Кеден Одағы техникалық регламенттері талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Сәйкес келмейтін өнімнің негізгі үлесі, яғни 94,3% (50 сынама) импорттық өнімге тиесілі, қалған 5,7% (3 сынама) - отандық өндірушілер үлесінде.

Негізгі бұзушылық шет ел өнімдерінен таңбалау көрсеткіші бойынша анықталған. Бұл барлық сәйкессіздік анықталған өнімдердің 83,0% (44 сынама) құрады.

Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама барысында құс еті өнімдерінің 1 сынамасында, аспаздық өнімдердің 2 сынамасында, алкогольсіз сусындардың 3 сынамасында микробиологиялық көрсеткіш бойынша бұзушылық анықталды.

Сонымен қатар, импорттық энергетикалық сусындардың 3 сынамасында адам денсаулығына қауіпті консервант - натрий бензоатының мөлшерден тыс қосылғандығы анықталды.

Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аудандық басқармалары мониторинг нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою бойынша іс-шаралар жүргізді.

Өнімі техникалық регламенттер талаптарына сай келмеген кәсіпкерлік субъектілеріне заңнама талаптарын бұзушылықтарды жою тәртібін түсіндіре отырып, бұзушылықтарды жою туралы 24 нұсқама беріліп, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 425-бабының 1-тармағына сәйкес  7 айыппұл салынды.

Сәйкессіздіктер анықталған 2103,86 кг тамақ өнімдері (энергетикалық сусындар, консервіленген жеміс-жидек өнімдері және май өнімдері) сатылымнан алынды.