Павлодар облысында жыл басынан бері жануарлар арасында құтырманың 2 жағдайы тіркелді

Павлодар облысында жыл басынан бері жануарлар арасында құтырманың 2 жағдайы тіркелді

Павлодар облысында жыл басынан бері құтырманың зертханалық расталған 2 жағдайы тіркелді, ауру Ертіс ауданында түлкі, борсық сияқты жабайы жануарларда анықталды.  Ауру жануарлар қорғалатын аумаққа кіріп кеткен. Бұл учаскеде жұмыс істеген 14 адам анықталды. Олардың барлығына құтырмаға қарсы вакцинация курсы белгіленді.

Жалпы алғанда, ағымдағы жылдың 8 айында жабайы және үй жануарларының тістеуінен зардап шеккен 1556 адам облыстың медициналық ұйымдарына жүгінген. Олардың барлығына құтырмаға қарсы вакцина берілді. Статистикаға сәйкес, аймақта иттердің тістеуінен 1077 адам, мысықтардан - 401, жабайы жануарлардан - 5, жылқылардан - 9, жануарлардың басқа түрлерінен (маймыл, кеміргіштер, кірпілер) 64 павлодарлық тұрғын зардап шекті.

Еске салайық, құтырма - бұл орталық жүйке жүйесін зақымдайтын және профилактикалық вакцинация болмаған кезде өлімге әкелетін, адамдар мен жануарлардың ауыр инфекциялық, табиғи-ошақты ауруы.

Павлодар облысында жыл сайын жабайы және үй жануарлары арасында құтырма ауруы тіркеледі, себебі қоздырғыш үнемі жабайы табиғатта айналыста жүреді. Өкінішке орай, адамға жақын мысықтар мен иттер – сүйікті үй жануарларымыз эпизоотологиялық процеске қатысады.         

Құтырма вирусы адам ағзасына ауру жануарлардың, оның ішінде  жарқанаттардың, кеміргіштердің, ауылшаруашылығы жануарларының шағуы, тырналуы, терісі мен шырышты қабығын сілекейлеуі арқылы енеді.

 Зардап шеккендерге тез арада жараны сабынды сумен жуу керек екенін есте ұстаған жөн, өйткені сілтілі орта құтырма вирусын бейтараптандырады, содан кейін тұрғындарға тәулік бойы көмек көрсететін травматологиялық пункттерге дереу хабарласыңыз. Медициналық ұйымда дәрігер құтырма ауруына қарсы вакцинация курсын белгілейді, оны толық және үзіліссіз алу қажет. Жануарларды қандай жағдай болса да өлтіруге болмайды, өйткені оларға ветеринарлық дәрігерлер бақылау жүргізеді, жануарлар оқшауланып, бақылауға алынады.

         Қазіргі уақытта құтырманы емдеу үшін қолданылатын вакциналар әдетте 5 рет енгізіледі: дәрігерге барған күні, содан кейін 3, 7, 14 және 28-ші күндері. Белгіленген вакцинаны қабылдауды оны жасаған травматолог-дәрігердің кеңесімен ғана тоқтасасыз. Егер тістеп алған жануарға бақылау жүргізіліп және тістегеннен кейін 10 күн ішінде ол сау болса, бұл кезде инъекцияларды одан әрі енгізу тоқтатылады. Вакцинация тегін жүргізіледі.

Медициналық тәжірибеде антирабиялық вакцина қолданылады, ол асқынуларға жол бермейді және иммунитеттің жоғары деңгейін қалыптастырады. Құтырмаға қарсы вакцина ДДҰ сертификатына ие.

Құтырмаға қарсы вакциналарды уақтылы алғанда ғана сіз осы қауіпті аурудан қорғана аласыз!