
Атырау облысы бойынша тұрғындар арасында 2022 жылдың 8 айында 279 науқас тіркеліп (оның ішінде қышыма-57, дерматомикоз-222). 14 жасқа дейінгі балалар арасында -196 жағдай немесе 70 % құрап отыр: қышыма-39 жағдай (14%), дерматомикоз -157 жағдай (56%). 2021 жылдың 8 айында 301 жағдай, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында - 213 жағдай тіркелген.
Тері – адам денесінің ең мықты қорғанышы, әрі нәзік жүйесі, ал оның саулығы адам денсаулығының бірден-бір кепілі болып табылады. Жүрек, бауыр, асқазан сияқты тері де қиын құрылымды және адам үшін өмірлік маңызы бар функцияларды атқаратын болғандықтан жеке жүйе болып саналады.
Қышыма – қышыма кенесі туғызатын контагиозды паразитарлық ауру болып табылады. Ауру науқаспен тікелей қатынас кезінде немесе оның пайдаланған заттары (киімі, төсегі т.б) арқылы таралады. Қышыма кенесінің ұрғашы түрі адам терісіне енгеннен кейін жұмыртқа салып жылдам көбейеді. Қышыма жұқтырған адамның денесінің кей тұсы әсіресе түнгі мезгілде бой бермей дуылдап қышиды. Денесін түрлі түйіншіктер, көпіршіктер, қанды қабыршақтар, тырнақ ізі басады.
Дерматомикоз – саңырауқұлақтық флора арқылы шақырылатын тері, шаш және тырнақ инфекциясы. Бірақ көбіне терілік түрі, әсіресе бастың төбе бөлігінде кездеседі және жан-жағы бозғылт түсті қызыл дақ болып көрінеді. Дерматомикоздың таралу ерекшелігі туралы нақты айту қиын, өйткені бұл ауру адамдармен қатар үй жануарлары арасында да тез таралады.
Тері ауруларының алдын алу үшін келесі профилактикалық шараларды сақтау керек:
- Жеке гигиена ережелерін сақтау, жиі жуыну немесе әрбір 5-7 күн аралығында моншаға түсіп, жуынып отыру керек;
- іш киімдерді және төсек жаймаларын жиі-жиі ауыстырып, оларды жуып, үтіктеп отырған жөн;
- әр адамның жеке сүлгісі және басқа да тұтыну заттары болғаны жөн;
- жануарлармен қарым-қатынаста болғаннан соң қолды мұқият сабындап жуу қажет;
- жаңадан сатып алған киім-кешекті, іш киімді және төсек жаймаларын міндетті түрде үтіктеген жөн;
- қышыма, басқа да тері ауруына сәл күдіктенгенде дереу тұрғылықты жердің дәрігеріне көрінуі қажет.
Аурудың көрсетілген белгілері пайда болған кезде, уақытында медициналық көмекке жүгіну қажет.
Дәрігерге ерте қаралу – айналадағы адамдарға тері ауруларының таралмауын және одан тез сауығуды қамтамасыз етеді.
Өз денсаулығыңызға және балаңыздың денсаулығына жауаптылықпен қараңыз!