
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ай сайын ішкі сауда нарығында өнімдердің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізеді. Мақсат – өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін, жалпы деңгейін арттыру, сондай-ақ техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін заң бұзушылықтарды анықтау.
Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша Алматы және Жетісу облыстарының мониторингі шеңберінде 1902 өнім үлгісі іріктелді, оның ішінде 371 өнім – отандық өндірушілердің тауары, 1043-і ЕАЭО мүше мемлекеттердің өнімі, 488-і басқа елдерден алынған болатын.
Нәтижесінде техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін 385 үлгі анықталды, олардың ішінде 32 отандық өндірушілерден, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің 128, басқа елдерден – 225. Сәйкес келмейтін сынамалардың ең көп пайызы балаларға арналған тауарлар – 29%, балалар ойыншықтары – 22%, құс еті – 7%, сүт және сүт өнімдері – 7%, ет және ет өнімдеріне – 5% тиесілі болды.
Мониторинг бес дүкендегі сатылымдағы ойыншықтардан зиянды химиялық заттардың нормадан жоғары болғанын анықтады. Сонымен қатар, сарапталған тауарлардың негізгі кемшіліктері өнімнің таңбалануын сақтамаудан болды. Атап айтқанда: мемлекеттік тілде ақпараттың болмауы, мемлекеттік тілге дұрыс аударылмауы, сақтау шарттары туралы ақпараттың болмауы, Қазақстан Республикасындағы импорттаушының атауы мен мекенжайының болмауы.
Мониторинг барысында кәсіпкерлік субъектілерімен іс-шаралар жүргізіліп, сапа стандарттарына сәйкес келмейтін 88,62 кг азық-түлік өнімдер (ет және ет өнімдері – 71 кг, сүт және сүт өнімдері – 6,61 кг, балық және балық өнімдері – 5,96 кг, аспаздық өнімдер – 3,85 кг, жеміс-көкөніс өнімдері – 1,2 кг) сатылымнан алып тасталынып, жеткізушілерге қайтарылды. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің атына 108 ұйғарым берілді.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі техникалық регламенттің заң бұзушылықтарының алдын алу мақсатында өндірушілерді өнімді регламент талаптарына сәйкес таңбалауды сақтауға, сондай-ақ өткізу кезінде өнімді бақылау құжаттарымен қамтамасыз етуге шақырады.