600-ге жуық тамақтандыру объектісі БҚО санэпидқызметінің бақылауында

600-ге жуық тамақтандыру объектісі БҚО санэпидқызметінің бақылауында

Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2020 жылғы 7 шілдедегі № 360-VI ҚР Кодексінің талаптарына сәйкес, ұйымдасқан ұжымдардағы қоғамдық тамақтандыру және сауда объектілері, 50-ден астам орынмен қаматамасыз етілген тамақты өндірумен, өңдеумен және сатумен айналысатын тамақтандыру объектілері қызмет басталғанға дейін халықтың эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге объектінің сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуы тиіс. Басқа қоғамдық тамақтану объектілері халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органды қызметінің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабардар етуге міндетті.    

Бүгінгі таңда БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бақылауында 596 қоғамдық тамақтандыру объектісі бар, оның ішінде 439-ы эпидемиялық маңызы жоғары, 157-сі эпидемиялық маңызы төмен объектілер. Ерекше тәртіп бойынша жыл сайынғы тексерулерге эпидемиологиялық маңызы жоғары қоғамдық тамақтандыру объектілері жатады.

«Қазақстан Республикасында тексерулер және бару арқылы профилактикалық бақылау мен қадағалау жүргізуге мораторий енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 229 Жарлығына байланысты және тексерулер кестесіне сәйкес ағымдағы жылдың 8 айында 33 қоғамдық тамақтандыру нысаны тексерілді. Тексерулер барысында 17 қоғамдық тамақтану объектісінде «Қоғамдық тамақтандыру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 17 ақпандағы ҚР ДСМ-16 бұйрығын бұзушылық  анықталды. Анықталған бұзушылықтар негізінде 16 әкімшілік хаттама толтырылып, 15 ұйғарым берілді және 1 822 485 теңгеге айыппұл салынды.

Қоғамдық тамақтандыру кәсіпорнының негізгі міндеті – сапалы қызмет көрсету және қауіпсіз өнім шығару. Осы орайда өндірістік бақылауды ұйымдастыру аса маңызды. Оның мақсаты – санитариялық қағидаларды, сондай- санитариялық және профилактикалық шараларды тиісті түрде орындау арқылы адамдар мен қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Өндірістік бақылау санатына, түріне, типіне, қуатына, меншік нысанына қарамастан барлық қоғамдық тамақтандыру ұйымдарында міндетті. Оны жүргізу «Өндірістік бақылауды жүзеге асыруға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 6 маусымдағы №239 бұйрығымен регламенттелген.