
Дифтерия - адамды өлімге әкелетін жұқпалы аурулардың бірі, оның токсині өте қауіпті. Қан ағымымен токсиндер бүкіл денеге таралады, салдарынан ішкі органдар мен тіндерге, жүйке жүйеге, жүрек пен бүйрекке зақым келтіреді.
Инфекция ауру адамнан сау адамға ауа тамшылары арқылы таралады. Вирустың ағымы неғұрлым айқын болса, соғұрлым науқас тарататын бактерия көлемі көп болады. Инкубациялық кезең шамамен 3-5 күнге созылады, кейде 2-ден 10 күнге дейін.
Ауру кезінде асқыну жұмсақ таңдайдың, мойын бұлшықеттерінің, тыныс алу жолдарының және аяқ-қолдардың сал ауруы түрінде басталуы мүмкін. Тыныс алу жолдарының жұмыс істемеуіне байланысты асфиксия, тұншығу пайда болып, адам қайтыс болуы да ықтимал.
Мамандар дифтериядан қорғанудың бірден-бір құралы вакцинация екенін еске салады, өйткені ағзада антитоксикалық иммунитет пайда болады, бұл аурудың ауыр түріне айналуына жол бермейді.
Маңғыстау облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Жалпы вакцинациялаудың нәтижесінде 2009 жылдан бері Қазақстанда дифтерияның бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ.
Елімізде дифтерияға қарсы алғашқы екпе өмірдің екінші айында егіледі, содан кейін үш және төрт айда жасалады. Ревакцинацияны сәби 18 айда алады. Бұл ретте аралас вакцина қолданылады, яғни дифтерияға, сіреспеге және көкжөтелге қарсы бір уақытта әрекет етеді. 6 жасында бала қайтадан ревакцинация алады, кейін 16 жаста, бірақ дифтерия мен сіреспеге қарсы. Ересектерге вакцинация әр 10 жыл сайын жасалады, демек 26, содан соң 36, 46 және 56 жаста.
Дифтерияға қарсы вакцина – қауіпсіз. Кей кезде адамда қызару, бас ауруы, температураның шамалы көтерілуі түрінде жағымсыз реакциялар болуы мүмкін. Алайда, дәрігерлер кейбір ата-аналар екпе алудан қателесіп бас тартады, бұл аурудың өсуіне әкелуі мүмкін дейді. Вакцинациядан бас тартқандардың саны өскенде, халықтың осы қорқынышты аурудан қорғалмаған тобы қалыптасуы мүмкін және бұл инфекцияның өршуіне қауіп төндіреді.