
Жыл басынан бері Атырау облысының 52 тұрғыны тамақ өнімдерінен уланды. Мәселен, маусым айында 17 тұрғын қаладағы фаст-фуд әзірлейтін орындарында тамақтанғаннан кейін дәрігерлерге жүгінсе керек. Мамандар науқастың бәріне «Тағамдық токсикоинфекция» диагнозын қойған.
Эпидемиологиялық зерттеу барысында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне және «Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сүйене отырып, санэпидқызмет бірқатар бұзушылық анықтаған. Зертханалық зерттеуге алынған сынамалар нормаға сәйкес емес деп танылды.
Қабылданған шаралар нәтижесінде көрсетілген фактілер бойынша Атырау қаласының Полиция басқармасы нысандардың жұмысын уақытша тоқтатқан.
Тамақтан уланудың тағы 35 фактісі Атырау облысының Жылыой ауданында тіркеліп отыр. Зардап шеккендердің басым бөлігі жергілікті вахталық қалашыққа қарасты асханадан тамақтанғаны анықталды.
Медицина қызметкерлері 27 адамда «Вирустық диареяны» тіркеген. 8-і сальмонеллезді энтеритке, тағы біреуі модульдік инфекциялық ауруға шалдыққан. Айта кеткен жөн, науқастардың бәрі тиісті ем алды, қазір жағдайлары тұрақты.
Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жаппай тамақтан уланудың алдын алу шаралары тақырыбында тұрғындар мен жеке кәсіпкерлік нысандар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар, жаз-көктем кезеңінде тағамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында микробиологиялық және санитариялық-гигиеналық көрсеткіштерге, микробиологиялық зерттеуге шайынды (сүртінді) және персоналды бактериологиялық тасымалдауға зертханалық зерттеулер жүргізген жеке кәсіпкерлермен, мердігер компаниялармен, шағын кәсіпкерлік субъектілерімен ынтамақтастық туралы екіжақты меморандумдар жасалды.
Мамандар тез дайындалатын тағам бұзылмау үшін оған көп мөлшерде консерванттар, тұз, өнімнің дәмін және иісін жақсартатын тағамдық, химиялық қоспалар қосылатынын еске салады. Бұл ретте мұндай қосымшалар түрлі ауруларды тудырады. Уланудың алғашқы белгілері анықталған жағдайда, шұғыл түрде медициналық көмекке жүгіну қажет.